Семей қаласында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев тұрғындармен кездесті. Жиын барысында өңірдің экологиялық мәселелері талқыланып, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын коюға мүмкіндік алды. Кездесуге үкіметтік емес және қоғамдық ұйым өкілдері, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Абай облысында қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған 6 полигон жұмыс істейді. Вице-министрдің айтуынша, өңірде тағы 7 жаңа полигон салу жоспарланған. Бірқатары жобалау сатысында. Сонымен қатар, орман шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше мән берілуде.
НҰРКЕН ШАРБИЕВ - ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ
«Республикалық бюджет есебінен техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тракторлар, патрульдік көліктер, қарда жүретін техникалар, өртке қарсы жабдықтар сатып алынуда. 2027 жылға дейін орман шаруашылықтарын 100 пайыз техникамен қамтамасыз ету жоспарланған».
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, қалдықтарды өңдеу, орман өрттерінің алдын алу шаралары, сондай-ақ үш жыл бұрын Абай облысында болған ірі өрттен кейінгі орманды қалпына келтіру жұмыстары сөз болды.
НҰРКЕН ШАРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ
«Өткен жылы 3 пайыздық мөлшерлемемен ашық бағдарламалар аясында 185 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Қазіргі таңда 10 млрд теңгеге жуық сомаға 7 жоба қаржыландырылды. Жалпы 69 жоба ұсынылды, қалғандары қаралу сатысында. Ірі өрттен кейін орманды қалпына келтіру үшін қазіргі қолда бар тұқымбаұтар пайдаланылуда. Қазір бір тұқымбақ салынып жатыр, екіншісі жоспарға енгізілген. Жабық тамыр жүйесі бар қосымша питомниктер де салынбақ».
Экология, қалдықтарды өңдеу және орман қорын қорғау – басым бағыттардың қатарында. Мамандардың айтуынша, қолға алынған шаралар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА