Биылғы көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталды. Облыста салықтық міндеттемелерін орындамаған 10 мыңнан аса адам бар. Басым көбі Семей қаласының тұрғындары. Кірістер департаментінің мамандары өңірлік коммуникациялық орталықтағы баспасөз мәслихатында борышкерлерге қатысты жазаның күшейтілгенін айтты. Абай облысында көлік салығын төлемегендерге қатысты шаралар күшейтілуде. Салыққа берешек 40 АЕК-тен асқан жағдайда елден шыға алмайды. Салық төлеушінің мүлкіне тыйым салынып, банк шоттары, еңбекақы, басқа да шоттары бұғатталады. 1 сәуірден кейін төленбеген салық сомасына әр кешіктірілген күн үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

ӘСЕМ ТҰРЛЫБЕКОВА – ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 «Біріншіден өсім болады, Уақытында төлемесе, автоматты түрде әр күнге ақша қосылады. Кірістер органы қарызды өте деген хабарлама жібереді, оған 30 жұмыс күні беріледі. Ол уақытында орындалмаса 5 жұмыс күні ішінде салық бұйрығы қабылданады да сот орындаушыларына жіберіледі».

Соңғы дерекке қарағанда Абай облысында көлік салығын 10 131 азамат төлемеген. Берешек 524 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде Семей қаласы бойынша 6964 адамның қарызы бар. 407 млн теңге. Салық органдары 11 154 салық бұйрығын жеке сот орындаушыларына жолдады.

ЕРКЕБҰЛАН НҮКЕБАЕВ-ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Қазіргі уақытта қарыз көлемін азайту мақсатында облыстық Әділет департаменті, Полиция департаменті және Жеке сот орындаушыларының палатасымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалып, "Сергек-Қорғау" камералары арқылы 769 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 791 борышкер 64,5 млн теңге берешегін өтеген.»

Салыққа берешегі барлар жүргізушілік куөлікті де пайдалана алмай қалуы мүмкін. Кірістер органы оның қызметіне уақытша шектеу қояды. Былтыр Абай облысында осындай 2 факт болған. Борышкер нотариус қызметін пайдалана алмайды, 3-15 тәулікке дейін қамалуы да мүмкін. Маман көліктің кімге тиесілі екенін де назардан шығармау керектігін ескертті.

ӘСЕМ ТҰРЛЫБЕКОВА – ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Көлік құралы сол тұлғаның атынан шығарылды ма, соны уәкілетті органның тексеру қажет. Кей жағдайда сатып жібереді де, сол беті кқөлік атына шығарылмай қалады. Бұрынғы иесі төлеуші болып қалады. Соны назарға алған жөн болады»

Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді. Салық әкімшілік полиция комитеті орталық деректер базасының мәліметтері негізінде есептеледі. Ал егер көлік сіздің иелігіңізде болмаса, көлікті есептен шығару үшін Арнайы ХҚКО -ға жүгіну қажет.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА