Семейде Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы қорытындыланды. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен байқауда өңірдің он ауданынан мыңнан астам өнерпаз бағын сынады. Толығырақ келесі сюжетте.

Өнерпаздар өз аудандарында ұйымдастырылған концертке қатысып, облыс орталығындағы қорытынды концертке жолдама алды. Абай театрында өткен гала концертте әр ауданның өкілдері өнер көрсетті. Ән-күй, жыр-терме, театрландырылған көріністер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, рухани болмысы мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.

ЖАНЖІГІТ ОМАРХАН – МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл жалпы шараның мақсаты облысымыздың Абай елінің өнерпаздарын ауылда жүргендерді ауданнан, ауданнан бері қарай облысқа, облыстан асырып республикаға шығару мақсатымыз бар. Бұндай шаралар өнерімізді өркендетеді. Руханиятымызды нығайтады, мәдениетімізді көтереді. Осыған үлкен қолдау білдіріп жатқан облыс әкімі Берік Уәлиұлына барша мәдени саланың қызметкерлері дән риза болып жатыр.

Байқаудың қорытынды гала концертіне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Өнер сайысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, енді бұл байқаудың дәстүрлі түрде өтетінін айтты.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ
Жалпы қазақта сөз бар ғой «Ел іші – өнер кеніші» деген. Абай елі шын мәнінде өнер кеніші екенін дәлелдеді. Бұл байқау облысымыздың мәдени әлеуетін нақты көрсетіп, өңіріміздегі таланттарды ынталандыратын маңызды алаңға айналуы керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, елдің ішінде үлкен сахнаны аңсап жүрген мықты өнерпаздар бүгін облыс сахнасында өнер көрсетті. Бұл біздің болашаққа үлкен республикалық сахналарға жолдама алатын алаң деп айтуымыз керек. Аудандарда жүрген азаматтардың өнерін орталыққа дәріптеуіміз керек. Олар үлкен сахнаға жолдама алуы қажет.

Жүлделі үшінші орынды Үржар ауданы, екінші орынды Аягөз ауданы, бірінші орынды Абай ауданының өнерпаздары иеленді. Облыс әкімі үшінші орын алған ауданның Мәдениет үйіне толық қамтылған дыбыс жазу студиясын, екінші орын алған ауданың Мәдениет үйіне музыкалық аппаратура, 1 орын алған ауданның Мәдениет үйіне шағын автобустың сертификаты мен кілтін салтанатты түрде табыстады.

БАҚЫТЖАН БАЙБОЛОВ – АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ІШКІ САЯСАТ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биыл тұңғыш рет өтіп жатқан дүниеде ұлы Абай атамыздың мерейтойы келе жатқан кезде Абай елінің осындай жетістікке жеткеніне шын мәнінде қуанып тұрмыз. Жаңа концер бітіп, сахнаның төрінде облыс басшысы марапаттап тұрғанда ең соңына дейін бір жүрегімізде толқыныс болды. Өйткені бұл ешкім білгенде жоқ, кім қалай бағалағанында білген жоқ. Қорытынды концерт деп келдік. Әйтеуір бір үміт болды. Бір орында шығармыз деп. Бірақ ұлы бабамыздың тойы қарсаңында Абай еліне үлкен бір құрметпен бара жатқанымыз біз үшін үлкен мақтаныш.

Сайыс қорытындысында облыстың аудандары арасындағы көркемөнерпаздар байқауына белсене қатысқан аудандар «Үміт», «Шабыт», «Дарын», «Өнер достығы», «Креативті үздік ұжым», «Ұлттық өнер дарабозы» және «Өнерлі өлке» аталымдарымен марапатталып, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.


АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА