«Ана үйі» қоғамдық қоры – жетімдіктің алдын алу және балалар үйіне түсетін сәбилердің санын азайту мақсатында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қор Қазақстанның 18 қаласында 21 ана үйін ашты. Соның бірі Семей қаласында. Өмірлік қиын жағдайда қалған аналарға қолдау көрсетіп отырған шаңырақта «Ыстық бауырсақ» күні аталып өтілді.
Ана үйінде ерекше жылылық пен мейірімге толы «Ыстық бауырсақ» күні өтті. Іс-шара барысында аналар өз қолдарымен бауырсақ пісіріп, келген қонақтармен әңгіме дүкен құрып, қуанышты көңіл күйде уақыт өткізді.
Дастарханға жаңа піскен хош иісті бауырсақ қойылды. Ұлттық дәмнің иісі бұрқырап, бірден үйге жылулық толды.
Бұл шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, аналарға қолдау көрсету және ұлттық тағамды дәріптеу
АЙНАГҮЛ НҰРТАЗИНА – «АНА ҮЙІ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ӨКІЛІ
Біздің өзіміздің салт-дәстүрмен жыл сайын өтетін ыстық бауырсақ күні бүгінде міне жалғасып жатыр. Бұл мерекенің өтетін себебі бізде биыл Семей қаласында сәуір айында 10 жыл болады. Бұл біздің мақсат бұл мерекемен қоғамды өзімізге қарату. Яғни бізде келген қонақтарға дастархан жайып, осылай қарсы аламыз. Жас аналарды қонақ күту, қонақжайлы болу, жылы қарсы алуды үйретеміз.
ҚУАНЫШ ӘБІЛДАЕВ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әрбір бастамаларыңыз оңынан болсын. Біздің елімзде қиын жағдайдағы азаматшалар, балаларымыз болмасын, жетімдер болмасын. Қазақ жетімін жылатпаған елміз ғой. Сондықтан осындай бастамаларыңызға тек қана сәттілік тілеймін. Біз қолдан келгенше өздеріңізбен бірге қызмет етуге дайынбыз.
Ана үйі – тек баспана емес, бұл әйелдердің жаңа өмір бастауына мүмкіндік беретін орта. Ол аналарды қоғамға бейімдеуге, балалардың қауіпсіз өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік беруде.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА