Семейде «Қазақстанның болашағы: бірлік пен келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мақсат - қоғамдағы бейбітшілік, бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттау, этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, аға буынның өнегесін сақтап, ғибрат алу. Жиынды облыстық Достық үйі ұйымдастырды.


Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметінің табысты тәжірибесі, ұлттық Құрылтайдың IV отырысында қойылған мақсаттар мен міндеттерді орындау жайы талқыланды. Құрылтайда Президент нақты тапсырмалар беріп, ел жастарының даму бағытын айқындаған болатын. Патриоттық тәрбиенің этносаралық қарым-қатынастағы орны ерекше.


МАХМҰТ ТҮЙЕБАЕВ - ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл – әлемдегі аналогы жоқ ерекше институт деп айтуға болады. Мемлекет құраушы ұлт қазақ болғанымен, мемлекетті мекендейтін бірнеше этностардан құралған көпұлтты мемлекет деп айтуға толық негіз бар. Солардың арасында береке-бірлік, ынтымақ, Қазақстанды бүгін танытып отырған Мемлекет басшының сындарлы саясатының нәтижесінде жүзеге асып отыр деуге болады.


Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына - 30 жыл. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесі. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ас¬самблеясы міне, осы идеология¬ны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді.


АЙРАТ БӘЗЕНОВ - ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ПРОРЕКТОРЫ Осы дөңгелек үстел аясында біз жастарымызға бірліктің маңыздылығы, татулықтың маңыздылығы жөнінде сөз қозғап жатырмыз. Өйткені, бүгінгі күнде алауыздықты туғызатын, қарама-қарсылықты туғызатын әлеуметтік те, діни де, этникалық та себептер көп. Біз адамдарды ажырататын емес, адамдарды ымыраға келтіретін себептерді студенттерімізге тәжірибе ретінде ұсына беруіміз қажет деп ойлаймын.


Елдегі тұрақтылықты сақтауда мемлекет полиэтностық қоғамды біріктіретін саясатты қолдайды. Қоғамдық ұйымдар этносаралық келісімді нығайту бағытында игілікті істер атқаруда.

ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ