Соғыс жылдарында газет, журнал, кітап шығару тоқтаған жоқ. Олар бүгінгі күнге дейін сақталған. Тіпті радио барлығына жетпеген кезде, газет, журналдар ақпараттың негізгі көзі болды. Халық майданда не болып жатқанын мерзімді басылымдардан білді. Өткен ғасырдың қиын-қыстау күндерін баяндайтын сарғайған қағаз парақтары Абай кітапханасындағы көрмеге қойылған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Абай кітапханасында "Ер - елге мұра, ұрпаққа ұран" атты кең көлемді кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. Онда өткен ғасырдағы фотоқұжаттар, мерзімді басылымдар, мақалалар ұсынылды. Көрме «Қатыгез күндер шежіресі», «Көркем әдебиеттегі соғыс тақырыбы», «Ұлы Жеңіс өлеңдері» және т.б. бөлімдерден тұрады. Олардың әрқайсы майдандағы және тылдағы өмір туралы, сол қатал жылдардың қиындықтары мен адамдардың тәжірибелері туралы айтады. Мұның бәрін қағаз бетіне түсіп, болашақ ұрпақ үшін сақталып қалды. Іс-шараға М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Майдан даласынан өткен жазушылар Бауыржан Момышұлы, Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов және Қасым Аманжоловтардың туындылары көптің назарын аударды. Көрмені тамашалаушыларға екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы, ардагерлердің естеліктері, әскери жазушылардың мақалалары жинақталған көрме бөлімдері ұсынылды. Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды экспозиция осы жылдың соңына дейін өз оқырмандарын қарсы алады.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА