Семейде жылу беру маусымы сәтті аяқталды деуге болады. Кәсіпорын мамандарының жылдам әрекеті, үйлесімді жұмысының нәтижесінде қыста төтенше жағдай тіркелген жоқ. Осы ретте Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов «Жылукоммунэнерго» ұжымына өз қызметтерін мүлтіксіз атқарғаны үшін алғыс айтты.


Қала әкімінің айтуынша, жылу маусымына тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде апатты жағдайлардың саны өткен маусыммен салыстырғанда 50 пайызға төмендеген. Ал халықтың шағымы 23 пайызға аз болды.


ТАЛҒАТ МҰРАТОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
2024-жылы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жылу желілерін дайындау мақсатында №1 ЖЭО және 9 жылу көздеріне жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, оң және сол жағалауда ұзындығы 10 шақырымға жуық магистральдық және кварталішілік жылу желілеріне жөндеу жүргізілді. Бұл осы сала қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі жемісті жұмысының нәтижесі.


Жылу маусымы 2024-жылдың 1-қазанында басталған еді. Биылғы жылдың 10-сәуірінде аяқталды. «Жылукоммунэнерго» мекемесінің басшысы Еркен Сағандықов биылғы жылу маусымы ойдағыдай өткенін атап өтті.


ЕРКЕН САҒАНДЫҚОВ - «ЖЫЛУКОММУНЭНЕРГО» МКК ДИРЕКТОРЫ
Біздің барлық 1 800 маманымыз әрқайсысы өз үлесін қосты. Әр жұмысшының еңбегі ерекше. Ауа райына қарамастан, тәулік уақытына қарамастан әрқайсысы біздің тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істеді.


Жылу маусымы кезінде мамандар қызмет көрсетуді бір сәтке де үзген жоқ. Жылу берудегі тұрақтылық коммуналдық мекеме қызметкерлерінің арқасында мүмкін болды.


ВАЛЕРИЙ РОМАНЧЕНКО – «ЖЫЛУКОММУНЭНЕРГО» МКК ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ УЧАСКЕСІНІҢ БАСШЫСЫ
Жалпы, Семей қаласындағы жылу беру маусымы кейбір апаттарға қарамастан сәтті өтті. «Жылукоммунэнерго» мекемесінің қызметкерлері болған апаттарды қысқа мерзімде жойды. Тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелерге жылу уақытында берілді. Жылу маусымының ойдағыдай өтуіне ат салысқан жұмысшыларымызға үлкен алғыс айтамын.


Жылу инфрақұрылымдарын жөндеу және жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасады. Жылу желілеріндегі энергия тиімділігін арттыру алдағы күннің еншісінде.

ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ