Абай облысында ғылым қызметкерлері күнін мерекелеу аясында өңірдің ғылыми қауымдастығын біріктіретін ауқымды іс-шара өтті. Кездесу алаңы Семей медициналық университеті болды. Онда облыстағы үш жоғары оқу орнының ғалымдары бас қосты.
Облыстағы жоғары оқу орындарында мыңның үстінде ғылыми қызметкер еңбек етеді. 60-тан астам ғылым докторы, 400-ге жуық ғылым кандидаты, 200-ге жуық PhD-докторлар бар. Бұл өңірдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып қана қоймай, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосатын мамандар. Облыстың ішкі саясат басқармасы басшысы Айдар Садырбаев өз сөзінде кез келген дамудың негізі ғылымда екенін атап өтті. Білікті кадр даярлауда және болашақтың интеллектуалды негізін қалауда ғалымдарға жүктелетін міндет те үлкен.
АЙДАР САДЫРБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінгі таңда ғылым жолында тер төгіп, қызмет қылып жүрген барлығына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сіздер жас ғалымдардың жолын ашып, үйрете жүріп, біздің өңірдің де, тұтастай алғанда бүкіл елдің ғылыми әлеуетін нығайтудасыздар. Абай облысы мен Семей қаласының ғылыми қоғамдастығы өте маңызды рөл атқарады. Оны сіздердің зерттеулеріңіз, ұсыныстарыңыз өңірдегі түрлі саланы дамытуда үлкен салмаққа ие екенін атап өткім келеді.
Пікір білдіріп, сөз сөйлеушілердің арасында филология ғылымдарының кандидаты, Әлихан Бөкейхан университеті филология кафедрасының меңгерушісі Құралай Төлеубаева да бар. Ол Абай облысының әдеби-мәдени картасын құру бойынша ауқымды жоба жайындағы ұсынысын жеткізді. Жоба - аймақтың бай әдеби және фольклорлық мұраларын цифрлық түрде көрсетуге, сондай-ақ олардың маңызын терең әрі егжей-тегжейлі сипаттайтын тарихи ескерткіштерді де картаға енгізуге бағытталған.
ҚҰРАЛАЙ ТӨЛЕУБАЕВА – ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ Бүгінгі іс-шарада мен өзімнің Абай облысының әдеби-мәдени картасы деген үлкен жобам туралы айтқым келеді. Оның мақсаты - ол бізге не береді? Өңірдің дамуына қандай септігін тигізеді, ол тек әдебиеттің, мәдениеттің үлгісін ғана көрсетпейді, сонымен қатар, Абай облысының туристік саласының дамуына да ықпал етеді. Соны да атап өткім келеді.
Құралай Төлеубаева сонымен қатар Семей ядролық сынақ полигоны туралы жазылған шығармалар негізінде экология тақырыбына арналған жоба туралы түсінік берді. Ал Шәкәрім университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты Алмагүл Нұрғазезова ғылымды мемлекеттік қолдаудың маңызына тоқталып, табыстың жарқын үлгісін мысал етті. Ғылыми жобаның арқасында доктарант Назерке Рахифқызы баспаналы болған.
АЛМАГҮЛ НҰРҒАЗЕЗОВА – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ Бұл ғылым апталығы аясында жүргізіліп жатқан ауқымды іс. Бұл жерде әрбір ғылыми жұмыстардың жасалуы, өзінің ЖОО ғылыми әлеуеттің қандай деңгейде екендігін ортақ мәселе ретінде айтып талқылайды. Сондықтан, өте ауқымды жоба деп санаймын.
Бұл басқосу Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған ғылым апталығының аясында өтті. Кездесуге қатысушылар өзекті ғылыми жобаларды талқылап, тәжірибе алмасып, идеяларымен бөлісті. Мұндай жиындар өңірдегі ғылымның дамуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ