Маңғыстау облысы бізге Достық үйін салып беретін болды. Осылайша, батыстағы ағайын Хәкім Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» республикалық акциясының аясында Семейге сый жасамақ. Бұл жаңалықты облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған кеңейтілген кеңесте сүйіншілеп жеткізді.
Бірлікке жетер байлық жоқ. «Бақтың өзі ынтымағы жарасқан елге қонақтайды», -дейді бабаларымыз. Тәуелсіздігіне 30 жылдан енді ғана асқан елде татулық салтанат құрып келеді. Биыл осы достық пен ауызбіршіліктің ұясындай болған Қазақстан Халқы ассамблеясына 30 жыл. Осыған орай, облысымызда кеңейтілген кеңес өтіп, этномәдени бірлестіктер мен, қоғамдық институттардың өкілдері қатысты.
АЛЕКСАНДРА ШПИЛЬКИНА, БОРОДУЛИХА АУДАНЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясы –көршілес мемлекеттер қызыға қарап, бізден үлгі алатын еліміздегі бірегей институт. Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан Халқы Ассамблеясының одан әрі қалыпты әрі берік жұмыс істеуіне күш-жігерлерін жұмсап жүрген жерлестеріме алғыс айтқым келеді.
Бүгінде Абай облысы бойынша 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл басынан бері қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Кеңесте сөз алған аймақ басшысы Берік Уәли Ассамблеяның еліміздегі этносаралық келісімді нақты іспен жүзеге асыратын қоғамдық институт екенін атап өтті. Сондай-ақ, 180 жылдығы тойланғалы отырған Абайдың өсиет еткен береке мен бірлік бүгінгі Ассамблеяның негізгі миссиясы екеніне тоқталды.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысының қолдауымен еліміздің барлық өңірі атсалысатын «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталды. Осы акцияның аясында әр аймақ Абай облысына бір-бірден сыйлық жасап, тарту-таралғысын ұсынады. Сүйіншілей айтар жаңалық – Маңғыстау облысы Семейде жаңа Достық үйін салатын болды. Бұл – шын мәнінде еліміздің ішкі бірлігін, ынтымағы жарасқан еліміздің біртұтастығын көрсетеді.
Желдің өті, елдің шетіндегі Мақаншы Мемлекет басшысының пәрменімен қайта шаңырақ көтерген аудан. Жаңадан құрылдық деп қол қусырып отырған жоқ. Шекараның бүтін, елдің мығым болуы үшін қам-қарекетінше әрекет етуде.
ӘБЕН РАЗУЕВ, МАҚАНШЫ АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Көпұлтты еліміздің береке-бірлігі әр уақытта тығыз болуы, береке-бірлігінің әр уақытта ынтымағының жарасуы ол мемлекетіміздің қуаттылығын білдіреді.Біз қайта құрылған Мақаншы ауданымыз. Еңбеккерлері өз әлінше еңбек етіп жатыр. Шетте тұрған ауылдың адамдарымыз. Сондықтан ел іргесінің бүтін болғанын, ел іргесінің әр уақытта тиянақты болғанын қаламыз.
Кеңесте этномәдени бірлестік, қоғамдық институт өкілдері, діни қызметкерлер, Достық үйлерінің директорлары, мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Ермек Исабаев