Абыралыға әкім барды. Бұған дейінгі әкімдерді жергілікті тұрғындар ауылға өздері шақырып алатын. Аймақтың жаңа басшысы Берік Уәли шеттегі өңірге арнайы атбасын бұрып, Абыралының бүгінгі ахуалымен танысты. Ауыл халқымен бірге сенбілікке қатысты. Абыралыдан тілшіміз Ермек Исабаев тарқатады.
Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандарға жасаған жұмыс сапарынан бөлек, шалғайдағы елді-мекендерді де естен шығарған жоқ. Аймақ басшысы облыс орталығынан шамамен 300 шақырым қашықтықта жатқан Абыралы өңіріне арнайы келді. Мақсат – осы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу, халқымен жүздесу. Әкім Қайнар ауылына келісімен, ауылдықтармен бірге сенбілікке қатысып, көшет отырғызды.
БЕРІК УӘЛИ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президентіміздің «Таза Қазақстан» деген бағдарламасы бар ғой. Соның аясында облыстық деңгейде үлкен акция бастадық. Соған өзім осы жерде сенбілікке қатысайын деп келдім. Бірге тазалық ұйымдастырайық онда. Іске сәт дейміз онда. Одан кейін асықпай отырып әңгімелесеміз.
Осылай деген әкім спорттық сауықтыру кешенінің алдындағы алаңқайға шырша көшеттерін отырғызды. Жалпы аудан әкімдігінің ақпаратына сәйкес, тазалық жұмыстарынан бөлек Жаңасемейдегі елді-мекендерді көркейту, көгалдандыру жұмыстарына да ерекше мән беріледі. Мәселен, көктемгі мезгілде аудан көлемінде мың түп терек отырғызу жоспарда бар.
БИСАТ ТАЛҒАТҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Өткенде ғана облыс әкімі халыққа үндеу жариялаған болатын. Соған байланысты бүгін ауыл болып, ел болып, жұрт болып көшеміздің, ауылымыздың тазалығына белсене атсалысып жатырмыз. Тазалық болғаны өзімізге жақсы. Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңіледі дейді.
Қайнардағы сенбілікке ауыл тұрғындары бір кісідей жиналды. Жасы да , жасамысы да қоғамдық жауапкершілікте ауызбіршілік танытып, туған жерлерінің тазалығына бей-жай қарай алмайтындарын көрсетті.
Ауыл ақсақалы Құдайберген Тұрысбеков мәдениет дегеніміз тазалықтан басталады. Шараға адамдар мәжбүрліктен емес, өз ықтиярымен шыққаны дұрыс дейді.
ҚҰДАЙБЕРГЕН ТҰРЫСБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Тазалық деген халықтың саналы түрде апта сайын жасайтын дүниесі. Бір кездерде ол болатын бізде әр жұма тазалық күні. Халық өзі шығуы керек. Үйінің маңайын, мекемесін, көшені деген сияқты. Паркті, демалу орындарын тазалайтын.Соны осындай үрдіске айналдыру керек. Ол үрдіс болуы керек. Халықтың өзінің санасына жеткізуіміз керек. Мәдениет деген осы.
Жалпы бұл жолғы сенбілікке облыс бойынша 23 мыңға жуық тұрғын қатысып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Акцияға 1053 мекеме мен 438 техника жұмылдырылды. 1829 тал, 242 бұта отырғызылды. 254 сквер, ескерткіштердің аумақтары тазартылды.
Ермек ИСАБАЕВ