Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы жылдан жылға өзекті мәселеге айналып келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай елімізде су тапшылығы 15 пайызға жетуі мүмкін. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасауда-соның бірі жеке тұлғалар үшін суды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу. Мемлекет басшысының коммуналдық ресурстарды үнемдеуге баса мән беру, тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу туралы тапсырмасы бар. Осы негізде 2025 жылдан бастап «Көп тұтынсаң, көп төлейсің» жобасы іске асты. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті жеке тұлғалар үшін суды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізіп, тарифтерді төрт деңгейге бөлді. Ауылдық жерлерде және жеке тұрғын үйлерде жазғы маусымда бақша суғаруға су көлемі артатыны белгілі. Егер үйлерде есептегіш құрал болмаса, нормативтік тұтыну көлемі автоматты түрде жоғары есептеледі. Сондықтан мамандар тұрғындарға есептегіш орнатуға кеңес береді. Рахымжан Нығмеджановтың сөзінше, қазір қаламызда су желілерінің 70 пайызы тозған. Бұған қоса Су арнасының алдындағы халықтың берешегі 130 млн теңгеден асқан. Қазір бұл қарыздарды сот арқылы мәжбүрлі түрде өндіру жүргізілуде. Су төлімінен түсетін қосымша қаржы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, желілерді жөндеуге және сумен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталады. Уәкілетті орган бұл қаражаттың мақсатты пайдаланылуын жіті бақылайды. Бүгінгі таңда «Тұтынудың әлеуметтік нормалары» бағытына сай 17 өңірде су арналарының тарифтері жаңа ережеге сәйкес бекітілді. Бұл қадам су ресурстарын үнемді пайдалануға, олардың сапасын арттыруға және болашақ ұрпақ үшін су қорын сақтауға бағытталған маңызды бастама.