Семейде Қазтест жүйесі бойынша диагностикалық тестілеу өтті. Оған мемлекеттік, күштік құрылым, мәдениет қызметкерлері, әскерилер, дәрігерлер, ұстаздар, тіптен теміржолшылар да қатысты. Тестілеу облыс аудандарында да жалғасады.
Республикалық ұлттық тестілеу және Абай облысы лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен сынаққа Семей қаласы бойынша 555 адам қатысты. Қазтест еліміздің және жасы 18–ге толған Қазақстандағы шетелдік азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеруге мүмкіндік береді. Тестілеу диагностикалық және ақылы сертификат болып екіге бөлінеді. Сертификат құрылым маманына қызметтік сатыда жоғарылауда талап етілсе, 3 тілде оқытатын білім мекемелерінде ұстаздың біліктілігін дәлелдеуге септігі тиеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші мен қазақ тілі мұғалімдеріне де пайдасы аз емес.
ЛАУРА СЕРІКБОЛҚЫЗЫ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ
Айырмашылығы басқа жылдармен форматы өзгерді. Халықаралық деңгейге сәйкестендіріліп, 2 блокпен жұмыс жасап жатырмыз. Негізі ақылы сертификатта 5 блокпен жұмыс жасайтын. Онда айтылым, жазылым, тыңдалым, лексика-грамматикалық оқылым кіретін. Ал қазіргі уақытта 4 деңгей болды. Оқылым мен лексика-грамматиканы қосып жіберіп оқылым деңгейін сосын тыңдалым, жазылым, айтылым деңгейі болып қысқартылды.
Сондай-ақ тестілеуде берілетін тапсырмалар саны 150 ден 100-ге дейін азайды. Сынаққа қатысушы маманға берілетін уақыт 2 сағаттан 1 сағат 10 минутқа дейін қысқарды. Оның себебі тестілеудегі грамматика мен оқылым біріктіріліп, халықаралық деңгейге сәйкестендірілді. 3 тілде білім беретін медицина университеті тестілеуге тұрақты қатысады.
ЖАНАРГҮЛ СМАИЛОВА «СМУ» ҚеАҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ БОЙЫНША ПРОРЕКТОРЫ
Бізде тек қана жергілікті студенттер ғана емес, сонымен қатар шетелдік студенттер де оқып жатыр. Енді осы студенттерге қазақ тілінде сабақ беретін оқытушылардың білім деңгейін көтеру үшін және де олардың қаншалықты қазақ тілін меңгергенін білу үшін бізде осындай диагностикалық жұмыстар жүргізіліп жатады.
Биылғы тестілеуден облыс бойынша 780 адам өтуі тиіс. Семей қаласынан кейін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау Ақсуат ауданы мен Курчатов қаласында ұйымдастырылады.