Семейде төтенше жағдайлар қызметінің техникалық мүмкіндігі тағы бір сатыға көтерілді. Қасым Қайсенов атындағы №68303 әскери бөлімі мен ТЖД-не 20-дан астам жаңа арнайы техника салтанатты түрде табысталды.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА-ТІЛШІ
Техниканы табыстау рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келді. Техникалар төтенше жағдайлар мен авариялық құтқару жұмыстарына арналған. Бұл бастама-еліміздің құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Соңғы екі жылда өңірге 28 өрт сөндіру техникасы мен 24 инженерлік техника жеткізілген. Ал осы жолы табысталған 20- дан астам техника- құтқару қызметінің тиімділігін одан әрі арттыра түспек. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов берілген техникалар құтқарушыларға жедел, әрі кәсіби көмек көрсетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ- ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы жаңа техниканың кілттерін табыстаймыз. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық. Ал сіздердің міндеттеріңіз Отан алдында адал қызмет атқару. Әскери бөлімдер кез-келген төтенше жағдайларда дер кезінде және кәсіби көмек көрсететін бөлімшелердің бірі. Яғни қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ел намысын қорғайсыздар. Осы бағытта жұмысты нығайтып, қызметтеріңізді абыроймен атқарыңыздар.
Абай облысының әкімі Берік Уәли кілт тапсыру рәсімінде жаңа техникалар өңір халқының қауіпсіздігі үшін жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
БЕРІК УӘЛИ- АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін біздің өңіріміз үшін өте үлкен жаңалық. Олай дейтініміз Төтенше жағдайлар департаменті жаңа осындай су жаңа техникалармен толыққалы отыр. Бұл өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып отырған бір үлкен қадам. Бүгінгі біздің облысымызға беріліп отырған 21 техника осы біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қызмет ететініне кәміл сенеміз.
Сала мамандарына берілген техникалардың қатарында жолсыз жерлерге бейімделген жоғары өтімді жүк көліктері, арнайы құтқару техникалары, жүк, азық-түлік тасымалдауға арналған «Трэкол» сияқты әмбебап көліктер бар.
ГИНАТ ЖАНГУДИН- №68303 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А.
Бұл жол талағамайтын көліктер. Ол төтенше жағдайлар болған жерге дер кезінде бару үшін керек. Біреуі автобус автокөлігі, ол жеке құрамды тасуға арналған. Және КамАз автокөлігінің базасында орналасқан, вахтовый деп айтылады, жеке құрамды тасымалдау үшін және төтенше жағдайлар болған жерде эвакуация жасаған кезде халықты тасуға арналған.
Төтенше жағдайлар қызметі жаңа техникамен толығып, тосын оқиғаларға дайындықтарын күшейтуде. Шара соңында министр мен облыс әкімі Құтқарушылар скверіне шырша көшеттерін отырғызды. Бұл- табиғатты қорғауға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы игілікті іс.