Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы Абай облысында орындалуда. Аймағымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,6 мың гектарға артып, 753,1 мың гектарды құрады. Сонымен қатар әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев мәлімдеді.
Алдағы 2 жылда Абай облысындағы бидай алқабы 7 мың гектарға дейін қысқарады. Керісінше, басымдық жоғары рентабельді дақылдарға беріледі. Оның ішінде майлы дақылдар көлемі 12,7 мың, арпа – 6,3 мың, қарақұмық – 2,3 мың гектарға ұлғаяды. Майлы дақылдардың алқабының артуы бұл өңдеу кәсіпорындарындағы жүктемені арттырып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
ЕРТАЙ ҚУАНБАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Егіс науқанына сәтті дайындық үшін жоғары сапалы тұқым материалын дайындау маңызды. Аудан әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 2025 жылғы көктемгі егіс егу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бүгінгі күні 39,6 мың тонна тұқым толығымен жиналды. Сондай-ақ 6,6 мың тонна элита тұқымын және будандарды сатып алу бойынша келісім шарттар жасалып, олар толық жеткізілді. Жалпы, 46,2 мың тонна тұқым ағымдағы жылғы көктемгі егіс жұмыстарына толыққанды жеткілікті.
Өткен жылы алғаш рет отандық тыңайтқыш өндірушілерді аванстық субсидиялау енгізілді. Бұл механизм фермерлерге қол жетімді болып, тыңайтқыштарды қолдану деңгейі облысымызда алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 39% асты. Нәтижесінде барлық дақылдар бойынша жақсы өнім алынды. 2025 жылға арналған тыңайтқыштар жоспары 63,6 мың тоннаға жетті. Қазіргі уақытта тыңайтқыштарды өндірушілер мен жеткізушілер келісімшарт бойынша жұмыстар жүргізуде.
ЕРТАЙ ҚУАНБАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 100% құрайды. Жалпы, ауыл шаруашылығы құрылымдарында
7 833 трактор, шамамен 302 бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 1 971 сепкіш, 2 794 топырақ өңдеу құралдары бар.Өңірлерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 27,5 мың тонна дизель отыны бөлінді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдаудың арқасында аграршылар 513 бірлік заманауи техника сатып алды, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 5,9% жетті. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 9,5% дейін жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде 819 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, былтыр алғаш рет көктемгі егіс егу және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала», «Кең дала 2» бағдарламасымен шаруаларды тікелей субсидиясыз 5% сыйақы мөлшерлемесімен несиелеу жүзеге асты.