Абай облысында 57 жаңа туған сәби ата-аналарының бас тартуына байланысты туберкулезге қарсы егілмеген. Статистикаға сәйкес, соңғы жүз жылда адамның өмір сүру ұзақтығы артты, оған вакцинацияның да септігі тиген. Вакцинаның мақсаты — жұқпалы дертті жасанды жолмен жасап, арнайы иммунитет қалыптастыру.


Қазіргі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығында ем алып жатқан науқастардың басым бөлігі – егде жастағы азаматтар, олардың ішінде ер адамдар көптеп кездеседі. Мамандардың айтуынша, туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, ал алкоголь, темекі немесе есірткіге тәуелді адамдар бұл дертке бейім келеді. Дегенмен, ауруды ерте анықтау, одан емделуге мүмкіндік береді.


ЛЮБОВЬ БРИТЕНКОВА - ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Туберкулезді ерте кезеңінде анықтаған жөн. Себебі бұл кезде науқас ешқандай белгіні сезінбеуі мүмкін. Ауру көбіне тек профилактикалық тексерістер кезінде, яғни флюорография жасағанда ғана анықталады. Туберкулез емделеді. Бірақ емдеуге ұзақ уақыт керек. Ол аурудың түріне байланысты. Туберкулезді емдеудің негізгі принципі-тағайындалған дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдау. Бүгінгі таңда Абай облысы қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.


ЛЮБОВЬ БРИТЕНКОВА - ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Қазіргі уақытта арнайы бұйрық бар, оған сәйкес туберкулезді толық емдеп шыққан науқастар барлық мекеме мен ұйымда жұмыс істеуге рұқсат алады. Сондықтан емдеу тегін және толық көлемде жүргізіледі. Мемлекет дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. Тұрақты және сезімтал түріне де қажетті барлық препараттар бар.
Туберкулездің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды: жеке гигиенаны сақтау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, сондай-ақ темекі, алкоголь және есірткі сияқты зиянды әдеттерден бас тарту қажет. Ересектерге жыл сайын флюорографиялық тексеруден өту ұсынылса, балаларға міндетті түрде вакцинация жасалуы тиіс.


ШОЛПАН САДЫҚОВА- АСА ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯЛАР МЕН ТУБЕРКУЛЕЗДІ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
2024 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысында туберкулезбен сырқаттану деңгейі 7% төмендеген. Науқастар саны азайды. Алғашқы маңызды шара – профилактикалық екпелер жүргізу. Жаңа туған балаларға вакцина перинаталдық орталықта 4 күн ішінде егіледі. Соған қарамастан, вакцинадан бас тарту жағдайлары әлі де кездесуде. Өткен жылы 57 ата-ана БЦЖ екпесінен бас тартты. Бұл вакцина өте тиімді, 5-6 жылға дейін иммунитет қалыптастырып, аурудың ауыр түрлерінің таралуына жол бермейді.


Туберкулездің алдын алуда вакцинация мен дер кезінде басталған емнің маңызы зор екенін ұмытпау қажет. Денсаулыққа мұқият болып, жағдайды бақылау, сондай-ақ аурудың алғашқы белгілері байқалған сәтте дереу дәрігерге жүгіну керек. Мамандар кеңесі осындай.