Ақсуат ауданының Екпін ауылында жас дәнекерлеуші темірден түйін түйіп, ауылға пайдалы іс жасап жүр. Төрт түліктен қан алып, екпе еккенде, малды сырғалайтын шақта жас жігіттің жасап шыққан шағын тор қорасына ауылдастарының сұранысы артып, тіпті, мал дәрігерінің жұмысы да жеңілдеген. Ауылдағы өнертапқыш жігіт жайында келесі сюжетте.

Мал баққанға бітеді. Қазір қолда бар малыңды дер кезінде егіп, қан тапсырып отырмаса, қораңда тігерге тұяқ қалмауы мүмкін. Ауылдағы ағайын осы бір шақта алашапқын болады да қалады. Жылқы мен ірі қараның басын бағанға байлап, ұсақ малды жерге жығып жүргені. Екпіндік Саят Шаймарданов ауылдастарын осы бір машақаты көп жұмыстан қолын босатты. Мал қамайтын, ыңғайлы қылып мынадай тор жасапты.


САЯТ ШАЙМАРДАНОВ – ЕКПІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Құлағына сырға салғанға, бәріне ыңғайлы мынау. Мүйізін кескенде де, тағы да басқа ем-дом жасағанда, бәріне ыңғайлы. Осылай жұмыс жасайды».
Саяттың темір-терсекке үйірсектігі бала күнінен басталған. Қолының ебі бар ол дәнекерлеуді, өңдеуді өзі үйрініп алған. Алдымен үйге, сосын ауылға қажетті керек – жарақты жасай бастайды. Астық тасымалдау үшін тіркеме, суға арналған бөшке жасады. Қазір қасында темірге үйір, икемді жігіттермен ойға алған жұмыстарын жүзеге асыруда.


САЯТ ШАЙМАРДАНОВ – ЕКПІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Мен өзім 15 жасымнан бастап темірге қызығушылығым артып, әр-түрлі бұйымдарды жасағанға қызығатынмын. Қазіргі таңда осындай раскол-фиксаторлар жасаймыз. Әлі де дамытсақ па деген ойымыз бар. Техникаға керекті әр-түрлі қалақша, алдына қар күрейтін бұйымдар жасаймыз. Шөп таситын кун жасаймыз. Сондай нәрселермен айналысқанды жақсы көремін. Өзімнің хоббиім десем де болады. Сондай жұмыстар айналысқанды өзім жақсы көремін». Ол идеяларды ғаламтордан алады. Сосын көрген жерінен көңілге түйіп жүреді. Әрине, жалғыздың шаңы шықпайды ғой. Бірлігі жарасқан ауылдастары әркезде Саяттың жанынан табылады. Ойы ортақ азаматтар кейбір істе бірлесіп қимылдайды.


ЕРХАТ ӘДІЛБЕКОВ – ЕКПІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бәріміз бірге осы жерде жұмыс істеп келе жатқанымызға бір жылдың аясы болды. Осы жерде жұмыс істейміз, бәріміз бір-бірімізбен бірге жұмыс істеп, ақылдасып шешім қабылдаймыз. Расколды осы жерде жасаймыз, ақылдасып шешеміз барлығын, сосын оны бояп шығарамыз.


Шебердің қолы ортақ. Қолы алтын азаматтың алға қойған мақсаты бар. Алдағы уақытта кәсіп бастап, жасаған бұйымдарын сату жағын ойластырып жүр.