Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының медициналық мекемелеріне барды. Сапар барысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктеріне басты назар аударды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы мен №1 қалалық емхана басты назарда болды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы Семей қаласы мен аудан тұрғындарына тәулік бойы медициналық көмек көрсететін облыстағы ірі көпсалалы мекемелердің бірі. Ол 2013 жылы «100 мектеп — 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 375 орынға арналып салынған. Аурухана басшылығы бірқатар мәселе туралы хабардар етті. Ең маңыздыларының бірі жер асты суларының көтерілуі. Аурухана жертөлесін су алатын кездер көп. Көктем мен күзде және қыс маусымында да су деңгейі көтеріледі, бұл мекеменің тұрақты жұмысына қауіпті.

ЕРСІН СӘБИТОВ – ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Биыл бізде жобалық сметалық құжаттарға байқау жүрді. Компания дренаж жүйесін, гидрогеологиялық жобаны жасауды бастады. Ол күрделі гидрогеологиялық жұмыс. Бұл жоба біздің базамызда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қадағалауымен жүзеге асырылады. Жобалық сметалық құжаттар дайындалуда. Қаржы бөлу оң шешімін тапса, су бұру мәселесі шешілетін болады.

Ауруханада науқас санының артуына байланысты жүктеме көп. Абай облысы құрылғалы облыстың барлық ауданынан, соның ішінде санитарлық авиация көмегімен жүгінетіндер саны көбейген.

АЙБОЛ МАРАЛБАЕВ – ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Соңғы 2 жылдың ішінде аритмалогиялық операциялар көбее бастады, кардиохирургиялық операциялар басталды. Бұрыңғы алаңдар, Шығыс облысы болған кезде, осындай өзгерістерде, біз енді поток дейді ғой, науқастардың, көп несін қатты білінбеген болатын, мүмкін себептің бірі, облыстық ауруханалардың сол жаққа, біздің науқастардың сол жаққа барды деп, жоспарлап барды деп ойлаймыз. Қазіргі алаңда, Абай облысы болып тіркелгеннен кейін, бізде науқастардың саны көп, санавиациялармен көп тасымалданады, себебі біздің көппрофильді аурухананың бірі, Абай облысындағы ең үлкен ауруханалардың бірі болып табылады.

Мекемеде мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Облыс әкімі бұл мәселені пысықтауды тапсырып, дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасау денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысының кепілі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта аурухана қасбеттері мен шатырлары күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі барған келесі нысан қаладағы ең ірі амбулаториялық мекемелердің бірі — №1 қалалық емхана болды. Мекеме ғимараты 1977 жылы салынған және осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Басты мәселе ғимарат ескі. Емхана екі корпустан тұрады, онда 92 дәрігер және 189 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Мекеме күн сайын 500-ге дейін науқасқа қызмет көрсетеді, ал есепте барлығы 38 мыңнан астам адам бар. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Облыс басшысы алғашқы медициналық көмекті қамтамасыз ететін осындай мекемелерді жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Медициналық инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Ол мамандардың тұрмыстық жағдайын жақсартудан бастап мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтуға және инженерлік мәселелерді шешуге дейінгі кешенді тәсілдің қажеттілігін атап өтті.