Сыбайлас жемқорлық-қоғамның дамуына кедергі. Ол ел экономикасын әлсіретіп қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікке, адамдардың мемлекет пен заңға деген сеніміне нұқсан келтіреді. Қоғамның жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аса маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментімен әріптестікте «AntiParaCraft» дәстүрлі квест-ойыны.

Байқау Әлихан Бөкейхан университеті студенттерінің қатысуымен өтті. Әр командада 5 қатысушы болды. Ойынның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру.


МАЙГҮЛ МАТАЕВА-ABU ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ
Бұл АнтиПараКрафт ойыны дәстүрлі түрде жылда өткізіледі. Негізгі мақсаты – студенттерде, жастарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Оның үстіне Абай атамыздың 180 жылдығына байланысты, Конституциямыздың 30 жылдығына байланысты осы даталарды бірге үйлестіріп, осындай шара ұйымдастырып жатырмыз. Студенттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заңнаманы қалай біледі, сол жайында сұрақтар болады.


Ойын барысында командалар өз эмблемаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта дайындалған роликтер мен плакаттарды таныстырды. Сонымен қатар, қатысушылардың теориялық білімдерін тексеруге арналған тапсырмаларда еліміздің негізгі заңын меңгеру және Абайдың адалдық, адамгершілік, әділдік, парасаттылық туралы сөздерін білу талап етілді. Одан бөлек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңынан және ситуациялық мәселелерді шешу бойынша да білімдері тексерілді. Айта кету керек, бұл ойын іріктеу кезеңі ретінде ұйымдастырылып, жеңімпаз команда АнтиПараКрафтың аймақтық турына жолдама алады.


НҰРЖАН ТОЛЫБЕКОВ- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ БАСШЫСЫ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М. А.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларда біз жас студенттерді, жалпы жастарды осы жұмыстарға тартамыз. Бүгінгі таңда біздің агенттіктің ұйымдастыруымен 2 жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан зияткерлік ойын – АнтиПараКрафт. Әлихан Бөкейхан университетінде іріктеу кезеңін өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта өңірдегі университетаралық іріктеу жүргізіледі. Іріктеуден өткен команда республикалық деңгейдегі АнтиПараКрафт ойынына қатысады, ол Павлодар қаласында өтетін болады.


Ойынның қорытындысы бойынша барлық қатысушылар грамоталармен марапатталып, жеңімпаз атанған «Алашорда» Заң факультетінің командасына дипломдар мен университеттің брендтелген өнімдері табысталды. Енді олар аймақтық турнирге қатысып, ЖОО намысын қорғайтын болады.