Бесқарағай ауданы Глуховка ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, облыс әкімдігінің, сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

Глуховка ауылдық округінде тілсіз жаудың алдын алуда, оны дер кезінде ауыздықтауда маңызы зор жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет бес ауылдың аумағында, яғни Старая крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік және Белокаменкада төтенше оқиғаның алдын алуға жұмыс істейді. Өрт сөндіру бекеті заманауи жабдықтармен, сондай-ақ ықшам, жылдам автокөлікпен жабдықталған. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов техникалық базаны жаңартуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ – ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ

Біздің ерікті құтқарушыларымыз бұл азаматтық қорғау органдарының дамуына үлкен үлес қосуда. Қай елдімекенде, шалғай немесе жақын жерде болса да, адамдар өздерін қауіпсіз сезініп, қажетті қызмет деңгейін алуы керек. Бізде арнайы бағдарлама бар. Президент бұл мәселені жеке бақылауында ұстайды. Тиісінше, сіздер қазір техниканың жаңаруын, өрт сөндіру депосын жаңартуды көріп отырсыз. Кеше еліміздің барлық қалаларында мұның қаншалықты қажет екеніне куә болдыңыздар деп ойлаймын.

Өрт сөндіру бекетінде арнайы күштер келгенде дейін көмекшілер тарту жоспары енгізіледі. Телефон байланысы да жұмыс істейді.

ТӨЛЕУҒАЛИ ШАЛАНОВ – ГЛУХОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Халық қуанышты. Бүгін міне, өрт сөндіру бекетін ашып жатырмыз. Халқымыздың байлығы осы орман ғой. Осы Абай облысының ең көп байлығының бірі - орман шаруашылығы. Оны өрттен сақтау жөніндегі Президенттің Жарлығы бойынша бізде көп шаруалар істелініп жатыр. Сол шаруалардың біреуі бүгін өрт сөндіру бекетін ашып, халық қуанышты.

Бекетте техникалық жабдықталған өрт сөндіру автокөлігі бар. Сондай-ақ, тәулік бойы кезекшілікке бекеттік жеке құрамы қатысады.