Жарма ауданында 15 жоба жүзеге асады


Биыл Жарма ауданында әртүрлі бағыттағы 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың ішінде ауылдарға су құбырларын тарту, әлеуметтік және спорттық нысандар салынып, мәдениет мекемелері күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев мәлім етті.

Жарма - тоғыз жолдың торабындағы аудан. Жері құнарлы, егін егуге, мал ұстауға қолайлы. Көзін тапсаң кәсіп дөңгелетуге де мүмкіндік көп. Қойнауы да құтты. Аудан бюжетіне кен игеріп отырған ірі кәсіпорындар қомақты қаржы құюда. Мемлекеттік бағдарламалар да ретімен жүзеге асуда.


НҰРЛАН БОРСЫҚБАЕВ – ЖАРМА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Шалабай ауылындағы Мәсәлім көшесінің жолына орташа жөндеу жүргізілді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандық маңызы бар ұзындығы 6,6 шақырым «Шар – Кезеңсу», «Жаңғызтөбе – Жарық» жолдарына орташа жөндеу жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 78,8%-дан 82,1%-ға жетті. Қалбатау ауылы және Шар қаласы жолдарына ағымдағы жөндеулер жүргізілді.
Ауданда әлеуметтік салада да бірқатар істің басы қайырылған. Білім беру нысанында жылу жүйесі жөнделді, шатырлары ауысты. Кабинеттерге қажетті жабдықтар алынды. Медицина мекемелері заманауи құрылғылармен қамтылуда. Ауылдағы ағайынның игілігіне 7 медициналық пункт ашылды.


НҰРЛАН БОРСЫҚБАЕВ – ЖАРМА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Денсаулық саласында аудандық және Шар қалалық ауруханалар, 7 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медпункт жұмыс істейді. Оларда 76 дәрігер, 315 орта медициналық қызметкерлер қызмет атқарады.
Биылға ауданда 15 жоба жүзеге аспақ. Қалбатау, Жаңғызтөбе, Сұлусары ауылында су желілері жаңғыртылады. Шар қаласы мен Қалбатауда бассейн салу көзделген. Бұдан бөлек, футбол алаңдарын, воркауттар, балалар ойын алаңын салу сияқты жобалар бар.