Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Осы мақсатта «Аманат» партиясы мен «Халық банкі» бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Қазір бұл бастама «Қарызсыз қоғам 2.0» форматында жаңарып, нақты нәтижелер көрсетуде.
Қазақстанда несие алып, қарызын өтеуде қиындыққа тап болған азаматтардың саны жылдан жылға артып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы үш жылда 88,4 миллионнан астам несие тіркелген, ал жалпы қарыз көлемі 18 триллион теңгеден асып отыр. Осыған байланысты «Аманат» партиясы мен «Халық банкі» бірлесіп іске асырған «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарға қаржылық қолдау көрсетіп, сауаттылықты арттыруға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның тиімділігіне назар аударып, үкіметке оның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Жоба аясында азаматтарды оқыту ғана емес, сонымен қатар заңгерлік кеңес, жеке қаржыны басқару, алаяқтықтан қорғану сияқты кешенді қызметтер көрсетіледі.
АЙДАР САДЫРБАЕВ- «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
2024 жылы облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында 34 оқу легі өткізілген болатын. Оған 7352 адам қатысты. Алдымызға қойған жоспарымыз 122 пайызға орындалды. Биылғы жылы да алдымызға мақсат қойып отырмыз. Жоба «Қарызсыз қоғам 2.0» нұсқасында жаңартылды. Оқыту бағдарламасы мен оның форматы өзгерген болатын. Енді бағдарламаға, осы жерде ерекше назар аударуымыз керек. Енді бағдарламаға 90 күнен асқан өтелмеген несиелері бар адамдар қатыстырылады. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап 2066 азамат қатысып, оларға кәсіби қызмет көрсетілген болатын.
Жобаның басты ерекшелігі – нысаналы топтағы азаматтарға нақты көмек көрсетуі. Қаржылық қиындыққа тап болған кез келген адам кәсіби заңгерлермен және қаржы сарапшыларымен байланыса алады. Биылдан бастап жоба толықтай онлайн форматқа көшті, бұл – шалғай өңір тұрғындары үшін де қолжетімділік артты деген сөз.
ГУЛЬФАЙРУС СЕРІКБОЛОВА- АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2025 жылдың 1-ші маусымынан бастап жоба толықтай онлайн форматқа көшті. Бұл дегеніміз мақсатты топқа жататын кез-келген азамат сайтқа кіріп, онлайн түрде тіркеле алады. Әрбір тіркелуші назардан тыс қалмайды. Оларға жоба аясында тәжірибелі мамандар, қаржы сарапшылар, заңгерлер байланысқа шығып, қажетті кәсіби көмектерін жасайды. Бұл «Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты-адамдар өз қаражаты мен қарыздарын дұрыс басқару үшін жоба назары қаржылық сауаттылыққа бағытталады.
«Қарызсыз қоғам 2.0» жобасы білім мен тәжірибені ұштастырған нақты көмек құралына айналды. Қазірдің өзінде әлеуметтік желілер мен өңірлік басылымдар арқылы кеңінен ақпарат беріліп келеді. Адамдар қаржылық дағдарыстан шығып, болашақта ондай жағдайлардың алдын алатын болса жоба нәтиже берді деген сөз.
СӘУЛЕТ ЕРКІНОВА- АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНТОРЫ
Онлайн форматтың ең бір ерекшелігі. Яғни сіз ол жерге тіркелгенен кейін сіз елеусіз қалмайсыз. Сізге не эксперт, не заңгер міндетті түрде хабарласады, кері байланысқа шығып, сізге қызмет көрсетеді. Сонымен бірге сайтқа тіркелгеннің өзінде сіз онлайн форматта қаржылық сауаттылық сабақтарын өтуге мүмкіндігіңіз бар.Яғни 24 видео сабақ. Тек қана теориялық бағытта ғана емес, онда мүлдем теориялық бағытта жасалмаған деп те айтуға болады. Онда күнделікті өмірлік сұрақтармен, мәселелермен байланысты сабақтар.
«Қарызсыз қоғам»- бұл жай ғана оқыту емес, қаржылық жауапты болып өмір сүру. Мамандар көмегі, тиімді кеңес, заманауи формат барлығы азаматтардың қаржылық еркіндігіне бағытталған.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА