Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Мейірімді жандарға мерейлі мезетте құрмет көрсетіледі, еңбектері ерекше еленеді. Жалпы, адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға әр күн сайын ілтипат көрсетсе де артығы жоқ. Ұлт саулығы жолында аянбай еңбек ететін дәрігерлер біздің облыста да көп. Соның бірі ревматолог – дәрігер Гузаль Нигматуллина. Мереке қарсаңында әріптесім Ерзат Жанатұлы дәрігердің жұмыс орнына барып қайтты.
Гузаль Нигматуллинаның жалпы еңбек өтілі - 36 жыл. 1989-жылы Семейдің медицина институтын тамамдаған. Еңбек жолы облыстық ауруханада басталды. 29 жылдан бері Семейдің №1 емханасында дәрігер – ревматолог болып еңбек етеді. Бұл мамандықты таңдау кездейсоқтық емес.
ГУЗАЛЬ НИГМАТУЛЛИНА, ДӘРІГЕР – РЕВМАТОЛОГ
Мен дәрігер мамандығын таңдауыма отбасым әсер етті десем де болады. Дәрігер отбасында өстім. Менің анам дәрігер, акушер-гинеколог болды. Бұл жерде ұрпақ сабақтастығын айтып өтуге болады. Бала күнімнен медицина саласына көзім қанықты, көңіліме жақын болды. Өйткені, анамның науқас адамдарға қалай көмектескені, оларды қалай қолдағаны туралы әңгімелерін жиі еститінмін. Бала күнімнен адамдарға жақсылық жасағым келіп тұратын. Олардың ауырмағанын қалайтынмын. Сондықтан, басқа мамандық таңдау жағын ойлаған да жоқпын.
Дәрігер болу үлкен жауапкершілік, дейді ол. Өйткені, медицина күн санап дамып келеді, әртүрлі емдеу әдістері, түрлі зерттеулер жүруде. Адам жанының жанашыры болудан артық бақыт жоқ, дейді біздің кейіпкер.
ГУЗАЛЬ НИГМАТУЛЛИНА, ДӘРІГЕР – РЕВМАТОЛОГ
Дәрігер болу - оңай мамандық емес. Әр түрлі қиын жағдайлар болады. Бірақ, әрқашан адам болып қалуымыз керек. Дертіне дауа, жанына шипа іздеп келгендерге шаршағаныңа қарамастан көмек көрсету керек. Осы мамандықты таңдаған екенсіз, емделушіге мейірім төгіңіз, ұлт саулығы үшін еңбек етіңіз.
Гузаль Назифовна дәрігер ғана емес, көшбасшы, жүрегі кең, өз ісінің нағыз шебері. Әріптестері осылай дейді. Ол дәрігер – ревматолог қана емес, №1 емханадағы отбасы денсаулығы орталығының меңгерушісі.
НИНА ЛАВРИЛЕНКО, УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕР
Өз ісін біледі, біздің әрқайсымыз деген көзқарасы ерекше. Еңбекті бағалай біледі. Біз оған өте ризамыз. Ол кісінің бізбен бірге жұмыс істей бергенін қалаймыз.
БАЯН ИДЫРЫШОВА, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР
Ақжарқын, кішіпейіл, өз жұмысына жауапты. Сондай маман ретінде танылған. Біз ол кісінің қол астында жұмыс істеген көптеген учаскелік дәрігерлер әрқашан ол кісінің біліміне, мінезіне, оның науқастарға қараған көзқарасы, дәрігерлеріне берілген мейіріміне әрқашан қанығуда.
Дәрігердің дәрісі ғана емес, сөзі де ем. Міне, кезекті емделушіні қабылдап, кеңесін беріп жатыр. Алдына келген жанға жылы қабақ танытып, шағымдарын мұқият тыңдап отыр. Бұл Гузаль Нигматуллинаның бұлжымас қағидасы.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ