«Асылдың сынығы». Абай музейі Ахат Шәкәрімұлының туғанына 125 жыл толуына орай осы тақырыпта көрме ұйымдастырды. Көрме аясында Мақаш Әлиакпардың «Әке жолы. Перзент парызы» кітабының тұсауы кесілді. Сиясы кеппеген жаңа кітап автордың Ахат жайында жазған үшінші еңбегі.

Көрмеге Ахат Шәкәрімұлының жеке заттары – сырт киімі, жейдесі, чемоданы, қолжазбалары, естеліктері, фотосуреттері, кітаптары қойылған. Ахат - ақын әрі әке мұрасын зерттеуші. 1969-жылдан Жидебайдағы Абайдың музей-үйінің меңгерушісі, өмірінің соңына дейін музейде ғылыми қызметкер болды. «Менің әкем, халық ұлы Шәкәрім» атты естелігін жазды.

НҰРСҰЛУ САНАҚБЕКҚЫЗЫ, АБАЙ МУЗЕЙІ ЭКСПОЗИЦИЯ ЖӘНЕ КӨРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Ахат Шәкәрімұлының музей қорындағы колекциясы уақыт өткен сайын құны арта береді деген ойдамын. Әлі зерттеуді қажет етеді. Енді мұражайға келушілер Ахаттың өмірі мен шығармашылығына қатысты бүкіл деректер, қолжазбалармен таныса алады деген ойдамын. Көрме бір ай көлемінде көрсетіледі.

Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, суретшілер одағының мүшесі Мақаш Әлиакпардың «Әке жолы. Перзент парызы» кітабы Ахат жайында жазған үшінші кітабы. Бұған дейін «Ахат», «Ақын аманаты» атты еңбектері жарық көрген. Автор асылдың сынығымен рухани байланыс орнатқан. Ахаттың әке сүйегін Құрқұдықтан жалғыз өзі қазып алғанын кітабымда ерекше тоқталдым, дейді.

МАҚАШ ӘЛИАКПАР, КІТАП АВТОРЫ
2007-жылы Шәкәрімнің 150 жылдығының тойының алдында Қарауылға барғанмын. Баяғы 21 үйге кіріп, Әрхәмнің келіні Сарқыт Смағұлқызымен кездескем. Сол кісі әңгіме айтты маған. Ахатты, баласы Шәкәрімді қазып алып құдықтан, чемоданға салып, осы үйге әкеліп, анау бөлме, анау үстелдің үстіне қойған деп, үйде көрсеткен болатын. Сол туралы.

Биыл Абай музейінің құрылғанына - 85 жыл. Жыл басынан бері мұнда ақынның мұрасын, айналасын, ақын шәкірттерін, өсиетін жан-жақты насихаттау жолында ауқымды жұмыстар жүруде. Көрме - көпшілікке ұсынылған кезекті тарту.

ҰЛАН САҒАДИЕВ – АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жерде Ахат Шәкәрімұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлер, музей қорында сақталған көптеген қолжазбалар көрермен назарына ұсынылуда.

Көрмені көрмекке, жаңа кітапты парақтауға зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ