Енді отандық ғылым орталықта ғана емес, өңірлерде де бірқатарда дамитын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген өңірлердегі ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау тұжырымдамасы қазір кеңінен таныстырылуда. Бүгін Семейде ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым - қуатты өңір» тақырыбында көшпелі отырысы өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, түрлі сала ғалымдары, ғылыми ұйымдар мен өңірдегі жоғары оқу орындарының, бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Абай облысында ғылымды дамытудың мүмкіншілігі мол. Оған жер қойнауындағы пайдалы қазба мен облысымыздың ел картасында табиғи, географиялық орналасуы, тіптен ғылым қаласы атанған Курчатов ядролық орталығының біздің аймақта екендігін айтсақ та жеткілікті. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты көшпелі отырыста осы мәселелер тарқатыла айтылды. Отырыста сөз алған аймақ басшысы Президент айқындаған тұжырым жауапкершілікті сезініп, болашаққа нық бағдар беретін кемел көзқарастың көрінісі екендігін атап өтті. Осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан шаруалар аз емес екендігіне тоқталды.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінде облыстағы бірқатар кәсіпорындар мен жоғары оқу орындары арасында әріптестік қатынастар орнаған. Ауыл шаруашылығы, инженерия салаларында университет ғалымдарының ұсыныстарын өндіріске енгізу мәселелері қарастырылуда. Университеттер арқылы шетелдік ғылыми ұйымдармен де тығыз әріптестік байланыс орнаған. Германия, Жапония, Түркия, Ресей елдеріндегі жоғары оқу орындарымен және зерттеу институттарымен жасалған келісімдер негізінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Отырыста өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері, экономикалық әлеуетін көрсетіп қоймай, аймақтың тұрақты дамуының негізін қалыптастырудағы рөлі мен орны талқыланды. Қазір еліміздегі ғалымдардың 66 пайызы Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. Бұл өңірлердегі ғылымның баяу дамуына әсер етеді. Сондықтан қазір Президент тапсырмасына орай арнайы заңға өзгерістер енгізіліп, әрбір әкімдік жанынан арнайы ғылым мен технология кеңесі құрылуда.
АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Кеңестің 3 үлкен мақсаты бар. 1-ші мақсат әрбір өңірдің өзінің басымдықтарын анықтау. 2-ші бағыт әрбір кеңес осы өңірге қанша кадрлар керек, қандай мамандықтар керек.Оған қанша қаражат бөлу керек. Ол Астанадан шешілмеуі керек ондай мәселелер, өңірдің өзінде шешілуі керек. Содан кейін жоғары құзырлы органдарға ұсыныстарын беріп отыруы керек. Ал енді ең маңыздысы – Мемлекет басшысының апсырмасына сәйкес әрбір өңірлік ғылымды дамыту үшін әрбір акиматқа қаржы бөлінетін болады.
Бөлінген қаржы арқылы жергілікті әкімдік жобаларды қаржыландырып, өңірдегі ғылымның дамуына түрткі болмақ. Қазірдің өзінде аймағымыздағы ғылым саласын дамытуды ұдайы назарда ұстау үшін облыс әкімдігі жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес құрылған. Оның құрамына түрлі саладан 15 адам енгізілді. Отырыста сөз алған ғалымдар облысымыз бойынша ауыл шаруашылығы, өндіріс, экология салаларында қолдануға болатын жобаларын таныстырды. Соның бірі - мемлекеттік сыйлықтың иегері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Саданов. Академик өз баяндамасында мал азығын дайындау, оның сапасын арттыру, мал төлі шығынын азайтуға қатысты отандық ғылым ойлап тапқан биологиялық препараттар жайлы кең мағлұмат берді. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінің шаруалары пайдаланып отырған препараттар шетелдік өнімнен еш кемдігі жоқ.
АМАНКЕЛДІ САДАНОВ - БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Россия аналогический препараттар шығарған. Олар бізден ығысып жатыр. Неге? Бұрын солар келетін еді біз шықпағанда. Олардың біріншіден бағасы жоғары. Екіншіден, производительдері өздері клемейді. Олар ортада жүрген адамдар. Біздікі рыноктан орын алу үшін 1-ші препарат сапалы болуы керек. 2-ші бағасы қолжетімді болуы керек. Үшінші уақытында жеткізіп беру керек.
Облыс әкімі отырыста ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы өңір үшін өзекті екенін атап өтті. Ал отырыс қорытындысы бойынша өңірлік ғылымды дамытуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары мен атом энергетикасын дамыту жөніндегі талдамалық жазба әзірленеді. Бұл құжаттар өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Ермек Исабаев