Қаперіңізде болсын, енді мопедтерді де мемлекеттік тіркеуден өткізу міндетті. Сәуір айының 5-нен бастап мопедтер де механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Абай облысында қанша мопед тіркеуден өтті? Мопед мінгендер нені ескеруі керек? Осы жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары жауап берді.

Елімізде мопед жүргізушілеріне талап күшейді. Енді көліктің бұл түрін тізгіндеу үшін А, А1 немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Міндетті мемлекеттік тіркеуден бөлек, техникалық байқаудан өткізіп, сақтандыру полисін де рәсімдеу керек.

БАУЫРЖАН ОМАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Мопедті тіркеу үшін азаматтар өз тұрғылықты жеріндегі арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігімен мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамасын көрсетуі қажет. Сонымен бірге, көлікті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Жалпы төлем – 11 403 теңге шығады.

Абай облысында әзірге 1017 мопед тіркеліпті. Оның 545-і Семейде. Аудандар ішінде Үржар алда. Осы күнге дейін 92 мопед иесі заңға құлақ асқан. Заңнамалық өзгерістер күшіне енген 5-сәуірден бері өңірде 156 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

БАУЫРЖАН ОМАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін 49 жүргізуші, көлiк құралын басқару құқығы жоқ бола тұрғаны үшін 66 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, мопедтердің қатысуымен 1 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам жарақат алды. Ол – Семей қаласында.

Мопед мінгендердің жауапсыздығынан жол үстінде оқыс оқиғалар жиі тіркеліп жатады. Заңнамадағы өзгерістер осы олқылықтың орнын толтырып, апаттардың алдын алады.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ