Ақсуат ауылындағы «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясында «Асыл тұлпар» бәйгесі өтті. Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгеге жүзден жүйрік шыққан сәйгүліктер қатысты.
«Асыл тұлпар-2025» бәйгесіне Қазақстанның әр аймағынан 122 сәйгүлік қатысты. 7 жарым шақырымға 37 ат тіркелсе, 15 шақырымға 37, аламанға 25 арғымақ тіркелген. Тұлпарлар жарысы Екпін ауылының атшабарында ұйымдастырылды. Бәйге десе делебесі қозатын аламанды көруге асыққандар көп.
МЕРЕЙ ҚАЙЫРБЕКОВ – АҚСУАТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
"Үш қашықтықта Екпін ауылындағы атшабарда үш қашықтықта ат жарыс өтеді. 7 шақырым да топ бәйге 15 шақырымда аламан бәйге. Оған енді бас жүлде автокөлік. Бұл енді осы негізгі ұйымдастырушысы Дулат Тастекеев мырза. Сол кісінің бас демеушілігімен өтіп жатыр."
Аламан бәйгені жамбылдық Серік Қазыбековтің «Бақторысы» әкетті. Топ бәйгеден ақсуаттық Нұрлан Қазезовтің «Қалқаманы» дара шапты. Екі бірдей бас бәйгені бір шабандоз қанжығасына байлады. Екі жүйріктің тізгінін ұстаған алматылық шабандоз Айсұлтан Ақсуат жұртына жақсы таныс. Ол былтыр да осы фестивальде аламан бәйгеде топ жарған. Биыл да сол жеңістің дәстүрін жалғап, топ бәйге мен аламанда қатарынан үздік шықты.
СЕРІК ҚАЗЫБЕКОВ – «АЛАМАН» БӘЙГЕ ЖЕҢІМПАЗЫ
Алланың қалауымен биыл да ұтқан машинамызда айдап, осы бәйгеге тағы ұтуға дайындалып келіп, алланың калауымен топ бәйге мен аламан бейгеденде ұттық.
АЙСҰЛТАН САМАТҰЛЫ - ШАБАНДОЗ
Топка және аламанға қатыстым екеуінен де бірінші келдім.
Ал құнан бәйгені жамбылдық Асқар Долбаевтың «Көзайым» сүйгүлігі ұтты. Өзге де жүлдегерлер демеушілердің ақшалай сыйлықтарына ие болды. Республика деңгейіндегі талаптарға сәйкес, шабандоздарға және арғымақтарға қойылатын нақты шарттар бар. Төрешілер де аттарды талаптарға сай тіркеуге алады. Бәйге жарысында жалпы саны 25 төреші қызмет атқарды.
ӘЛІБЕК ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ - АБАЙ ОБЛЫСЫ БӘЙГЕ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Әрине шабандоздарға қойылатын талаптар бар. Бүгінгі күні қауіпсіздік шаралары өте жоғары деңгейге қойылған. Шабондоздар бас дулығасын, шлемдерін бас қорғайтын, денеге киетін карсет дейміз дене қорғайтын, медасмотры бар. Енді мынау Ат спорты болғандықтан, көп қатысушы болғандықтан ата – ананың келісімі болу керек.
Бәйгеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген атбегілер өз бақтарын сынап, ұлттық ат спортын насихаттау арқылы елдің қошеметіне бөленді. Жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар мен жеңімпаздарға автокөлік кілті табыс етілді. Бәйге соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты.
Назерке Мұратқали, Ельжан Магзумов