МӘРТЕБЕСІ БИІК МЕХАНИЗАТОР

Ауылшаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген маңызды мамандықтың бірі - механизатор. Қазіргі заманда механизатор болу тек техника тізгіндеу емес, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын білім мен біліктілікті қажет етеді.

Владимир Дятловтың механизатор болғанына 12 жыл. Осы уақыт аралығында түрлі маркалы тракторларды тізгіндеген. Қазір тақымындағы Бюллер 2375 қазақстандық өнім. 375 аттың күші бар алып трактор өзінің еңбек өнімділігі мен механизаторға қолайлылығымен ерекшеленеді. Цифрландыру жүйесімен қамтылып, автоматты басқарылатын техниканың тілін таба білген кейіпкеріміз қазіргі жұмысымыз едәуір жеңілдеді деп отыр.

ВЛАДИМИР ДЯТЛОВ – МЕХАНИЗАТОР
Бұрындары егістік жұмыстары болсын, жер тырмалау болсын қазіргіден қарағанда ұзаққа созылатын. Аз көлемде төменгі жылдамдықпен едәуір қиын еді. Одан бөлек, техника ескі болғандықтан жиі сынатын. Қазір ондай мәселе жоқ. Керісінше, жұмыс тез еңсерілуде. Навигациялық жүйе механизатор жұмысын жеңілдетеді.

Владимир ауылда туып, ауылда өскен. Мектепті де жақсыға бітірген. Алайда, техникаға, соның ішінде тракторге деген қызығушылығым басқа салаға мойын бұрғызбады. Трактор жүргізіп жүріп те абыройға кенеліп, қалағанынша табыс табуға болады. Сондықтан кейінгі буын әлеуметтік желідегі әдемі өмірге алданбай, адал еңбек етсе дейді.

ВЛАДИМИР ДЯТЛОВ – МЕХАНИЗАТОР
Қазір жастар қалаға құмар. Бәрі кеткісі келеді. Ол жақта өмір сүру үшін қаржы тапшылығынан несиеден несиеге белшесінен батады. Қалада тұру арқылы қандай-да бір дәрежеге жетуді көздейді. Нәтижеге қол жеткізу үшін әдемі киініп, кеңседе отыру міндетті емес. Мәртебеңді еліңе тигізген пайдаң арқылы көтеру керек. Егер әркім өз үлесін қосар болса, өмір жақсара бермек.

Бір сөзбен айтқанда Владимирдің бүгінгі өміріне көңілі толады. Жұмысы жеңіл, жалақысы жоғары. Сенімді серігі –тракторының арқасында күніне орта есеппен 120-150 гектарға дейінгі жерді жырта да алады, қажетті тұқымды еге де біледі. Ұжымдастарының арасында беделді.

ТАЛҒАТ ОРАЗАЕВ, «Раушан ШҚ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Владимир Дятлов бізде көптен бері жұмыс жасайды. Осы уақытқа дейін өзі жақсы қырынан жауапты әрі еңбекқор адам ретінде көрсете білді. Ең бастысы – жаңа технологияны тез меңгеретін механизатор. Көріп отырсыздар техникаларымыз цифрландырылған. Сондықтан компьютер, навигация сынды көптеген жаңашылдықтарды жылдам қабылдайтын адам болғаны жақсы.

 Еңбектің наны тәтті екенін механизаторлар жақсы біледі. Астық, бау-бақша қала берді көкеністің өсіп шығуына атсалысатындар да осылар. Олардың еңбегін естен шығармай, бағалау маңызды.


Ермек Исабаев