Семейде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Отырыста геологиялық барлау және минералдық ресурстарды өңдеу, атом энергиясы, экология, денсаулық сақтау, цифрландыру саласына жаңа технологияларды енгізу сияқты ғылыми сүйемелдеудің өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ түйіткілді сұрақтар да көтеріліп, оны шешудің жолдары қарастырылды.

Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов, жоғары оқу орындарының проректорлары, өнеркәсіп, ғылыми және академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысқан көшпелі отырыстың аясында «Аймақтың даму приоритеттері» форсайт-сессиясы өткізілді. Жалпы елімізде өңірлік ғылымды дамытуға қатысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Осы тапсырмаға орай Ұлттық ғылым академиясы концепция әзірлеп, Кеңес те құрған. Сондай-ақ ғылымды дамытудағы басымдықтарды анықтауға қатысты үлкен жұмыстар атқаруда.

ЕЛЕНА ШЕВЧЕНКО - ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚР ҒА ЖЕР, КОСМОС ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ ҒЫЛЫМДАРЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бізге ең маңыздысы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алатынын, технологияны дамытуға серпін беретінін, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін қандай бағыттар бар екенін көру маңызды. Сонымен қатар, аймақтағы халықтың өмір сүру сапасының жоғарылауына байланысты бағыттардағы әлеуметтік әсері туралы да ұмытпауымыз керек.

Ұлттық ғылым академиясы мамандарының айтуынша өңірлердегі ғылым даму үстінде. Дегенмен, қосымша күш әлі де қажет. Ол үшін білікті маманы, заманауи қондырғылары мен зертханасы бар орталықтар керек. Ал өңірлердегі жоғары оқу орындары заман талабына сай мамандар даярлап шығарғаны дұрыс. Бүгінгі басқосуда жергілікті ғалымдар мен түрлі кәсіпорын өкілдері өзекті мәселелерді ортаға салып, ашық әңгіме өрбіді.

ҚАЙРАТ СМАҒҰЛОВ - «БЕСҚАРАҒАЙ АГРО» ЖШС ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Біздің өңір соның ішінде қаламыз үшін жасыл белдеу құру өте өзекті. Сондықтан экологияны өзгертуге септігі тиген Астана маңындағы жасыл белдеу тәжірибесін басшылыққа алуымыз керек. Бірақ бізге қандай ағаш отырғызуымыз керек, қандай әдіспен, қалай өсіру керектігін түсінуіміз керек. Сонда біз қаланың солтүстік-батыс жағын жасыл белдеумен жапқан болар едік.

Форсайт-сессияның нәтижесінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Alikhan Bokeikhan университеті базасында ғылыми және технологиялық кеңес ретінде жұмыс істейтін форсайт-орталығын құру меморандумына қол қойылмақ. Ал сессия нәтижелері ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының пленарлық отырысында, сондай-ақ өңірдің ғылым және технологиялар кеңесінің жұмысында ескеріледі.


Ермек Исабаев