Абай Облысындағы Ветеринариялық Қауіпсіздік

Ауыл шаруашылығы дамыған біздің аймақ үшін мал арасында жұқпалы аурулардың таралмауы ветеринария саласының алдындағы басты міндет. Мамандар төрт түлікті тексеріп, қауіпті ауруларға қарсы егіп отырады. Бұл салада биыл да жұмыс аз емес. Өңірлік коммуниакциялық орталықтан тілшіміз ретімен айтып берсін.

2025 жылы Абай облысында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында 13 түрлі жұқпалы ауруға қатысты 2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. 2024 жылы 7 бруцеллез ошағы болса, биыл соның екеуі жойылды. Сонымен қатар, Аягөзде құтыру, Ақсуатта бруцеллез бойынша жаңа ошақтар анықталып, шектеу шаралары қолданылуда. Қазіргі таңда 725 мың мал бруцеллезге тексеріліп, 1 600-ден астамынан ауру белгілері анықталған.

ЕРЖАН БАРЫШЕВ- ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі күнде оң нәтиже берген ірі қара малдары 1291 бас, ұсақ мүйізді малдар 328 бас. Осы соңғы үш жылды салыстырғанда биылғы жылы облыс аумағында ауыл шаруашылық жануарларының бруцеллезге шалдығуының төмендеу динамикасы анықталуда.

Облыста аса қауіпті 11 ауруға қарсы 7,5 миллионнан астам екпе егу жоспарланған. Қазірге дейін оның 2,9 миллионы егілді. Вакциналар республикалық қордан бөлініп отыр. Мал сою және мал қорымдары мәселесі де ветеринарлар назарында. Бүгінде облыс аумағында 87 мал сою нысаны бар, бірақ олардың саны қажеттілікті толық қамти алмайды. Осыған байланысты жыл басынан бері аудан әкімдіктеріне әр аймақта кемінде 3 мал сою нысанын ашу жөнінде тапсырма берілген. Сонымен қатар, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша мал қорымдарын салу қажеттігі де туындап отыр.

ЕРЖАН БАРЫШЕВ- ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі күнде облыс аумағында тағы да 118 мал қорымын салып, қамтамасыз ету қажеттілігі бар. Атап айтатын болсақ, әкімдіктердің ақпаратына сәйкес бүгінде облыс аумағында 10 мал қорымы салынады. Бұл Көкпекті ауданында және Үржан ауданында. Құрылысына қажетті жобалық сметалық құжаттардың барлығы дайындалып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік комиссияның қаралуына, қаражат бөлінуге бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар, тағы да 31 мал қорымын жобалық сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде.

Ветеринариялық қызмет халыққа көрсетілетін төрт негізгі бағытта жұмыс істейді. Жыл басынан бері 33 мыңнан астам малға анықтама мен 166 мың ветеринариялық паспорт берілген. Малдың деректер базасы үнемі жаңартылып отырады. Сонымен қатар, қаңғыбас жануарлар мәселесі де бар. Биыл Семей қаласында 2 000-нан астам ит-мысық ауланған.

ЕРЖАН БАРЫШЕВ- ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Осы жыл басынан бері облыс бойынша 5688 иесіз ит, мысық ауланған.Оның ішінде атап айтатын болсақ Семей қаласы бойынша 2202 ит, мысық ауланған болатын. Сонымен қатар облыс аумағында бүгінгі күнде аулау,стерильдеу, вакцинациялау, қайтадан тіршілік ортасына шығару бағдарламасы бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнде осы қала бойынша 178 үй жануарлары ауланып, бүгінгі күні аулау, стерильдену, вакцинацияланудан өтіп, тіршілік ортасына 144 жануар қайдатан шығарылды.

Абай облысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жұқпалы аурулардың алдын алу халық денсаулығы мен ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығы үшін аса қажет.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА