Жыл сайын елімізде 2 мыңға жуық әйел жатыр мойыны обыры ауруына шалдығады. Өкінішке қарай, олардың 60 пайызы өмірмен қош айтысуда. Аурудың негізгі себебі – адам папиллома вирусы. Вирус арқылы адам қатерлі және қатерсіз ісік ауруына шалдығуы мүмкін. Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығында «Өзгерістер жолында: жатыр мойны обырын жою мақсатында адам папиломма вирусына қарсы екпе салу саласындағы әйелдердің көшбасшылығы» атты дөңгелек үстел – форумы өтті.
Елімізде қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023 – 2027-жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Жоспар негізінде адам папиллома вирусын тудыратын онкологиялық аурулардың алдын алу үшін өткен жылдан бері вирусқа қарсы вакцинация енгізіліп, 11-12 жастағы жасөспірім қыз балалар екпе алады. Вакцина алу 15 жылдан аса уақыттан бері әлем елдерінде кең қолданылуда. Вирустан сақтану үшін дәрігерлер барынша салауатты өмір салтын ұстану керек, дейді.
АЙНАГҮЛ ҚУАТБАЕВА, ҚР ДСМ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жатыр мойны обырының басқа қатерлі ісіктердің алдын алуына мүмкіншілік беріп отырған вакцинадан бас тартпауымыз қажет. Бұл вакцинаның өте тиімді және қауіпсіз екендігін бүкіл жер шары делелдеп отыр. Және бүгінгі күнге дейін 500 милионнан артық вакцинация жасалынған кезде, бірде – бір жағдайда қауіп – қатер туғызып жатқан немесе вакцинаның қолайсыз жағдайларының тіркелуі болған жоқ.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойыны обырына шамамен 2 мыңға жуық әйел шалдығады. Абай облысында биылғы жылдың бес айында 4 ауыр жағдай тіркелген. Вакцинация – сырқаттың алдын алудың қауіпсіз және тиімді жолы, дейді ақ халаттылар. Екпе алған қыздардың ауруға шалдығу қаупі 90 пайызға дейін төмендейді.
АЙНАГҮЛ ҚУАТБАЕВА, ҚР ДСМ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Былтыр осы жұмыс қолға алынып, бүгінгі күнге дейін балалардың арасында, жасөспірім қыздардың арасында 210 мыңнан артық вакцина егілді. Егу жұмыстарына 4 компоненттік гардасил вакцинасы пайдаланылуда. Гардасил вакцинасының негізгі 4 компоненті осы адамзат арасында жиі кездесетін, негізгі жоғары онкогендік вирустардың алдын алуына көмегі зор.
Абай облысының штаттан тыс бас онкологы Баян Бекетованың айтуынша, облыста жыл сайын 80-нен аса әйелде жатыр мойыны дерті анықталады. Дәрігер дерттің алдын алуда скринингтік тексерістен өту маңызды екенін айтады.
БАЯН БЕКЕТОВА, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС ОНКОЛОГЫ
Себебі анықталған жалғыз қатерлі ісік – адам папилломасы. Басқа ешқандай қатерлі ісіктің 100 пайыз себебі бар екенін нақты айта алмайды. Яғни, вакцинация арқылы сырқатты жоюға болады.
Дөңгелек үстел басына жиналғандар денсаулық сақтау саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту, халықты екпеден хабардар ету жайын талқылап, пікір алмасты. «Адалдық» салтанатты рәсімі өтіп, қатысқандар символикалық тақтаға қолтаңбаларын қалдырды.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА