Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байелмен кездесу өткізді. Жиынға Әзербайжан-Қазақстан іскерлік кеңесі төрағасының орынбасары, Түркі кәсіпкерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Аслан Қунияров, сондай-ақ Әзербайжан инвестициялық холдингі мен Бизнес дамыту қорының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында әзербайжандық делегация Алакөл жағалауында халықаралық емдеу-сауықтыру кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобасын таныстырды. Инвесторлар жыл он екі ай жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамды қабылдай алатын ірі туристік нысан тұрғызуды жоспарлап отыр.
ӘЛІМ БАЙЕЛ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ ЕЛШІСІ
“Біз екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Президент нақты экономикалық жобаларды, әсіресе өнеркәсіп пен туризм салаларында жүзеге асыруды тапсырды. Сол себепті біз алғашқы қадамды Алакөлден бастауды жөн көрдік. Бұл – ерекше табиғи аймақ, шипалы көл, тамаша мүмкіндік”.
Абай облысының әкімі Берік Уәли туристік жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталып, жобаны жергілікті билік қолдауға дайын екенін айтты.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
“Сапарларыңыздың нәтижелі боларына сенімдіміз. Алакөл туристік аймағында көптеген ірі жобаларды іске асыруға болады. Қазіргі уақытта біз Алакөлдің жаңа бас жоспарын әзірлеуді бастадық. Осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз деп сенеміз”.
Әзербайжандық тарап ұсынған «Алакөл» жобасының жалпы инвестициялық көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған жағдайда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін көбейтеді және медицина мен туризм тоғысында жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА