Ертең Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай туған құт мекен» атты жаңа көрме ашылады. Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында ұлы ойшыл өмір сүрген өлкенің тарихын, табиғатын зерттеуге ерекше мән берген суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың туындылары ұсынылады.

Туған өлкенің ұстамды поэтикалық мәнерде бейнеленген пейзаждары бұл туындыларда жай ғана фон емес. Ол пейзаждарда – даланың тынысы, жусанның сыбдыры, көктің тылсым тыныштығы бар. Экспозиция бірден екі маңызды оқиғаға тұспа тұс келді. Биыл ұлы ақынның 180 жылдығы мен суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың өмірден өткеніне 1 жыл толды. Экспозицияда портреттер, пейзаждар, сюжеттік композициялар ҚАТАР ілінген. Суретшінің қысқа әрі мағыналы кескіндемелері – терең сезімдер мен ой-толғамдардың айғағы.

ИЛЬВИРА ХАЛИТОВА – НЕВЗОРОВТАР ОТБАСЫ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл негізінен мұражай коллекциясынан алынған туындылар мен суретшінің жеке коллекциясы. Нұрбұлан Өтепбаев өзін шығармашылығы классикалық сурет мектебі мен заманауи көркемдік ізденістерді байланыстыратын ерекше шебер ретінде көрсетті.

Нұрбұлан Өтепбаев зерттеуін 70-ші жылдары бастаған. Суретші, балалық шағында Абайды көрген әкесінің әңгімелерін ерекше жылулықпен еске алды. Өз еңбектері арқылы ол ойшылдың тек бет әлпетін ғана емес, сонымен бірге ұлы ақынның көзқарасын, сөйлеу мәнерін жеткізеді. Көрмеде Абай өмірімен байланысты — Қасқабұлақ, Жидебай маңы, Тоғжан туған, Әйгерім өмір сүрген өлкенің пейзаждары да көрсетілген.

ИЛЬВИРА ХАЛИТОВА – НЕВЗОРОВТАР ОТБАСЫ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Көрмеде қандай да бір түрде ақынның шығармашылығы мен өмірімен байланысты адамдардың портреттері көрсетілген. Сондай-ақ Әйгерім тұратын немесе Тоғжан туып-өскен жерлерді бейнелейтін пейзаждар бар. Портреттер мен пейзаждар ғана емес, тақырыптық композициялар да кездеседі.

Нұрбұлан Өтепбаев – педагог, дизайнер, көптеген сыйлықтардың лауреаты және республикалық, халықаралық көрмелердің қатысушысы. Ол қазақстандық кескіндеме мен графика өнерінің көрнекті өкілі. Ал ,еңбектері елдің мәдени шежіресінің бір бөлігіне айналды. "Абай туған құт мекен" – жай ғана көркемөнер оқиғасы емес, терең ойға шақыру. Арқа сүйер рухани тамырымыз жайлы. Мәдениет жайлы. Көрме бабаларымыздың ізі мен үйіміз тұрған қасиетті жермен байланысымызды жоғалтпау қаншалықты маңызды екенін еске салады.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК