Абай облысында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ауқымды шаралар жалғасып жатыр. Солардың бірі – «Абай жолы» бағытымен өткен велошеру болды. Оған 50-ден астам адам қатысты. Жастар, спортшылар мен қоғам белсенділері Қарауылдан қасиетті Жидебайға дейін жол жүріп, Абайдың мәңгілік мекеніне табан тіреді. Шара тарих пен спортты, рухани құндылықты ұштастыра отырып, өңірді қамтыған мәдени эстафетаның бір бөлігіне айналды.

Абай Құнанбайұлының мерейтойы ақынның өнегелі өмірі мен мұрасын ұлықтауға бағытталған іс-шараларға толы. Соның бірі – «Абай жолы» бағытында ұйымдастырылған велошеру. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Триатлон федерациясының қолдауымен өткен бұл шараға 50-ден астам адам – жас спортшы, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар қатысты. Қарауылдан басталып, қасиетті Жидебай жерінде қорытындыланды.

ЕВГЕНИЙ БОЛГЕРТ-ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Біз қасиетті жерде тұрмыз. Бұл – тарих пен қазіргі уақыт тоғысқан мекен. Меніңше, жастардың осы велошеруге қатысуы – өте маңызды қадам. Өйткені өз тарихыңды білу, халықтың даналығын түсіну – әр адамға, әсіресе жастарға берік рухани негіз қалыптастырады.

25 шақырымға созылған бұл бағыт –нағыз мағыналы рухани саяхатқа айналды. Қатысушылар жол бойындағы табиғаттың көркем көрінісін тамашалап, әрбір шақырым сайын тарихтың лебін сезінді. Бұл сапарға қатысқан ҚР Қаржы вице-министрі де өз ой-толғамымен бөлісіп, әсерлерін жеткізді.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ-ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Жас, өсіп келе жатқан спортшыларды осы шараға тартып, Абайдың туған жеріне, жерленген жерін көрсетіп, мәдениетті, барлық салаларды бірге қосып, елді таныстырып жатырмыз. Біз өзіміздің велошеруді Абай жолы деп атадық. Велошерудің басты мақсаты – осы салауатты өмір салты, осы тойдың алдында елге келіп, тағзым көрсетіп, жастарға тарихты айту, көрсету.

Бұл тарихи сапарға қатысқандар көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше әсермен бөлісті.

ӘМІРЖАН СҰҢҒАТОВ-ҚАТЫСУШЫ

Өте жақсы өтті, бізді жақсы қарсы алды, бізге жақсы силық сыйлады және бәріне көп рахмет.

ЯРОСЛАВ ХРИПТОВ-ҚАТЫСУШЫ

Велошеру өте жақсы ұйымдастырылған. Жолды жақсы жүріп өттік. Мұндай велошеруге қатысудың мәні – жаңа таныстықтар, достар тауып, араласу, сөйлесу. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қарауылдан Жидебайға дейін 25 шақырымды алғаш рет жүріп өттім. Бұған дейін өмірімде бұл жақта болмаған едім. Осында келіп, қатысу – керемет мүмкіндік болды.

Жолдың соңғы нүктесі – Абай кесенесі болды. Мұнда қатысушыларды ықыласпен қарсы алып, естелік сыйлықтар табысталды. Велошеру ұлы ақынның рухани әлемін дәріптеген маңызды мәдени шараға айналды.