Адамзаттың алыбы Хакім Абайдың 180 жылдығы – халқымыздың мерейлі мерекесі. Елдіктің тойына алыстағы жерлестер де үн қосуда. Әсіресе, мәдениет майталмандары өңір жұртын өнерімен сусындатуда. Абай тойына шашу ретінде Қазақстанның Халық әртісі Майра Ильясова «Айналдым елім» атты арнайы жобасымен тыңдармандарын қуантуда.

Хакімнің мерейтойы облыс көлемінде ауқымды өтіп жатыр. Халық әртісі аймақтағы шалғай ауылдарды араламақ. Басымдық бұрынғы аудан орталықтарына берілген. Таскескен, Баршатас, Әуезов кенті мен Қайнарда «Ән Майра, әнші Майра, ару Майраның» әні әуелемек. Мұндайда көп әнші қаражат сұрайтын еді ғой, жерлесіміздің концерті тегін, есігі баршаға айқара ашық.

МАЙРА ИЛЬЯСОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
/// Елімізге келіп, 10 күн халықпен бірге болу деген ол үлкен ғанибет. Мен барайын, есікті ашып, алыста жатқан адамдар Семейге келіп, концерт көре алмайды. Бізді тек теледидар арқылы көреді. Жүзімізді жақын жерден көргісі келеді. Сол есікті ашып тастаңыздар, билет сатпаңыздар және маған гонорар төлемей-ақ қойыңыздар. Солай ұсыныс жасадым.

Семейдегі концертте ине шаншар орын болмады. Тыңдармандары Майрасын сағыныпты, дүркін – дүркін соққан шапалақтан аңғардық, оны. Семейдің үлкені де , жасы да осында.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ