Абай облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Тек Семей қаласының өзінде 12 шақырымнан астам жылу құбыры жаңартылып, 12 қазандық жөнделуде. Солардың бірі №8 орталық жылу пункті мен «Орталық» қазандығы арасындағы аумақ.

Қазір қазандықтарда жөндеу жұмыстары қарқын алды. Ескірген құбырлар жаңасына ауыстырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, жаңа құбырлар беріктігімен және сенімділігімен ерекшеленеді. Олар қысқы маусымда апатты жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. «Орталық» қазандығындағы жұмыс мамыр айының соңында басталған. Тозған құбырлар таттанбайтын, үлкен диаметрлі заманауи құбырларға алмастырылуда.

ГЕННАДИЙ ИЗМАЙЛОВ – МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛІ
Біз №8 орталық жылу пунктінен қазандыққа дейінгі жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы ұзындығы шамамен 1800 желілік метр, яғни 800 метрлік негізгі учаске қамтылған. Бұл жерде үлкен диаметрлі жаңа құбырларға ауыстырылды. Қазіргі уақытта жұмыстың 95%-дан астамы аяқталды. Енді тек саябақ аумағын абаттандырып, қалған ұсақ-түйек шаруаларды ретке келтіру ғана қалды.

Биыл Абай облысында барлығы 21,5 шақырым жылу желісі жаңартылып, 22 жылу көзі жөнделеді. Бұл жұмыстар Семей, Аягөз, Курчатов, Жарма және Бесқарағай аудандарын қамтиды. Жобаға 8 миллиард теңге бөлінген.

НҰРҒАСЫР ЖИЕМБАЕВ- ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Атап айтсақ, Семей қаласы бойынша 12,3 жылу желісімен, 12 жылу көздерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Аягөз ауданынан 2 жылу көзімен 5,2 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, одан кейін Курчатов қаласындағы 940 м жылу желілерімен 4 жылу көзінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Бородулиха ауданының 4 жылу көзінде жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда іске асырылып отыр. Сонымен қатар, Жарма ауданы Шуақ кентіндегі 3,1 шақырым жылу желілерімен 1 жылу көзінің жөндеу жұмыстары бүгінде іске асыру барысында.

Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 408 шақырым. Оның 59 пайызы тозған. Қазіргі жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш 56,7 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Семейде қала ішіндегі желілердің 60 пайыздан астамы жаңартылып жатыр.

НҰРҒАСЫР ЖИЕМБАЕВ- ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Жылу желілерімен жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстары барлық мәселелерді толыққанды шешпесе де алдағы жылыту маусымына оң ықпалын тигізеді.

Барлық жұмыс жылу маусымы басталғанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Мамандар кестеден ауытқымауды қадағалап, жұмысты сапалы атқаруда.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА