Семейде Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірде жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгін екінші жолақтағы қозғалыс ашық. Енді кейбір көліктердің қозғалысына шектеу енгізілетін болады.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА-ТІЛШІ
Мен Семейдің қос жағалауын жалғайтын аспалы көпірдемін. Өздеріңіз көріп тұрғандай көпірді жөндеу толық аяқталды. Қазір қозғалыс ашық. Жол тақтайдай тегіс, көлік еш кедергісіз ағылып жатыр.

Ой-шұңқырлы болған көпір жолын семейліктер көптен күткені белгілі. Жол төсемін жаңарту мамыр айының соңында басталған болатын. Мердігерлердің жұмысты уақтылы аяқтауына күн райы да қолайлы болды. Кестеден кешігу жағдайлары тіркелген жоқ. Осы уақыт аралығында 5000 шаршы метрге жуық жол жаңартылды. Жөндеу кезінде көпірдің қозғалысы ішінара шектелген болатын. Көлік жүргізушілері төзімділік танытып, уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдады. Бүгіннен бастап көліктер қауіпсіз, жаңа жолмен ағылуда.

БЛИЦ ЖҮРГІЗУШІЛЕР:
Иә көпірдің жөндеуі аяқталды, жақсы, бұрғынғыдан қарағанда өте жақсы қазір. Жұмысымызға да бәріне үлгереміз. Енді біздің әкіміміз жақсы жұмыс істеп жатыр. Осылай бола берсін, Семейіміз көркейе берсін, жолдың бәрін жасап жатыр.
Жолды енді көңілге қонарлықлай істеген. Жол кеңіп жақсы болып қалыпты. 1-2 рет өтіп көрдім. Мен ауылдан келгем. Алдында келгенде тар болып жатыр еді, екінші жағын қосыпты, Аллаға шүкір жолымыз бар.
Жол енді тамаша қылып істеп қойған. Керемет жол, жақсы. Енді ұшып отырасыз, жылдамдықты сақтау керек, бәрі өте жақсы. Рақмет істеген кісілерге.

Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірдің техникалық жай-күйін сақтау мақсатында кей көліктердің өтуіне шектеу қойылды. Ең жоғары салмағы 8 тоннадан асатын көліктер аспалы көпір арқылы жүруіне тыйым салынды. Яғни, әрбір оське түсетін жүктеме 8 тоннадан аспауы тиіс. Мысалы, егер көлік 5 осьтен тұрса, онда жүк біркелкі бөлінген жағдайда жалпы рұқсат етілетін салмақ 40 тонна болуы мүмкін. Алайда, егер жүктеме бір немесе бірнеше оське шамадан тыс түссе – бұл ереже бұзушылық болып есептеледі. Көпірден өте алмайтын көліктерге балама бағыттар бар. «Алматы – Семей» тас жолы жағынан кірген көліктер Лебаев, Титов, Селевин, Автодорожный көшелері арқылы жүріп, Қайнар, Курчатов, Павлодар және Астана бағыттарына өте алады. Белгіленген шектеулерді бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА