Семейде ЮНИСЕФ hub ашылды. Ол «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты шаралар топтамасы аясында жұмыс істейді. Бұл бастама жастарға халықаралық деңгейде білім алуға, тәжірибе жинауға және қоғамға пайда әкелуге зор мүмкіндік береді.

ЮНИСЕФ еріктілер бағдарламасы - балалар мен жастардың құқықтарын қорғауға, олардың физикалық, психикалық саулығын арттыруға және қоршаған ортаны сақтауға бағытталған халықаралық жоба. 2020 жылдан бері бұл бағдарлама Қазақстан бойынша 10 мыңға жуық еріктімен жұмыс істеген. Ал биылдан бастап офлайн Hub-тар ашылып, оның бірі Семей қаласында іске қосылды.

ЕРСАЙЫН ҚАБДРАШЕВ- «ЮНИСЕФ ҚАЗАҚСТАН» ҚОРЫНЫҢ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ МАМАНЫ
Осы жылдан бастап біз Қазақстан бойынша біздің оффлайн хабтарды ашып жатырмыз, Ол Астана қаласында, Алматы, Семей, Көкшетау, Ақтау және де Шымкент, 6 қалада бізде хаб болады. Жалпы ЮНИСЕФ еріктілер бағдарламасы- бұл халықаралық бағдарлама. Әлем бойынша бізде 10 млн-нан астам волонтер бар. Біздің жоспарымыз-біз біріншіден осы жастарды үйретеміз бүгіннен бастап. Оларға 6 бағыт бойынша білім береміз. Осы жылдан бастап 2030 жылға дейін біздің еріктілер Семей орманында 1 млн ағаш отырғызады.

Бағдарлама қатысушыларына әр апта сайын арнайы челлендждер мен тапсырмалар беріледі. Олар бөтелке жинау, мектептерде сынып сағаттарын өткізу, TikTok пен басқа платформаларда бала құқықтары туралы контент жасау арқылы белсенділік танытады. Әр қатысушы халықаралық үлгідегі сертификат алып, «ЮНИСЕФ волонтері» атағына ие болады.

ЕРСІН МҰРАТҚАН- «ЮНИСЕФ ҚАЗАҚСТАН» ҚОРЫ СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
Бүігн жалпы біздің волонтерлік мектепті жинаудағы басты мақсатымыз- Семей қаласындағы БҰҰ-ның ЮНИСЕФ сияқты балалар құқықтарын қорғайтын халықаралық қорда Семей қаласының белсенділері болғанын қалаймыз. Қазір Семей қаласы бойынша 170 волонтер тіркелуден өтті. Жас аралықтары 16 жастан 35 жасқа дейінгі кез-келген азаматтар қатыса алады.

Семейде басталған ЮНИСЕФ еріктілер бағдарламасы- жастардың білімін арттырып, белсенді азамат ретінде қалыптасуына көмектеседі. Бұл бастама арқылы Абай облысының жастары халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі болуға қадам жасап отыр.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА