Бұл күндері облыс тұрғындары мен қала қонақтарының түрлі мәдени-әдеби кештерге қатысып, рухани шабыт алуына тамаша мүмкіндік бар. Қаланың мәдени өміріндегі сондай елең еткізерлік оқиғаның бірі - Семейдің орталық Арбатында болатын көрме. Ол белгілі иллюстратор, суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар...» атты ашық аспан астындағы сурет көрмесі. Бүгін суретші өңірлік коммуникациялар орталығында журналистермен брифинг өткізді.
Аңсаған Мұстафаның туындылары шет ел аралап, талайдың таңдайын қақтырып жүр. 31 елде 150-ден астам көрмеге туындылары қойылған. Сондықтан, қылқалам шеберінің шығармашылығын көрген де, көрмеген де арманда. Ол Абайдың көркем ойын қағазға бейнелеу арқылы жеткізіп жүр. Көрме «Көңілге түрлі ой салар» деп аталады. Бұл - Абайдың өлеңінің бір жолы. Мен де әр туындым арқылы көрерменнің жүрегіне жол тауып, ой салғым келді, дейді ол.
АҢСАҒАН МҰСТАФА, ИЛЛЮСТРАТОР, СУРЕТШІ
Бұл көрмеде мен Абайдың шығармаларындағы негізгі идеяларды - ақыл, жүрек, қайрат теңдігі, адамшылық пен ар-ождан, еңбек пен талап, жалған намыс пен мақтан, рухани кемелдік секілді тақырыптарды бейнелеуге тырыстым. Яғни, бұл — Абай идеяларын бейнелеу өнері арқылы жастарға кеңірек тарату. Бәріміз білеміз жастар телефонға үңіліп отырады. Осы суреттер әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, кездессе, ойланар деген ниет.
Суретші бір жұмысында «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер, мал шашпақ» мінездерінен құралған жалған бейнені кескіндесе, енді бірінде «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен мен еңбегің екі жақтап» деген өлең жолдарына несиеге батқан адамның кескінін суреттеген. Суретші сурет салмас бұрын Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін бірнеше қайтара оқығанын айтады. Әр сөйлемді жүрекпен қабылдауға тырысады. Өйткені, бұл жай иллюстрация емес, бұл — іштей Абаймен тілдесу арқылы жүрек түкпірінен шыққан ойдың жемісі.
АҢСАҒАН МҰСТАФА, ИЛЛЮСТРАТОР, СУРЕТШІ
Мысалы, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген тұжырымға арнап мен екі түрлі сурет салдым, еңгезердей еркектің жұмыссыз, әке-шешесіне масыл болып жатқанын көрсеттім. Тағы бір жұмысымда Абай сынаған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» мінездерінен құралған жалған бейнені кескіндедім. Бұл — қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге де қатысты. Біз кейде Абай айтқан әлсіздіктерге бейім болып барамыз. Соларды көрсету арқылы мен ой салып, қайта ойландырғым келді.
Көрменің негізгі мақсаты - Абайды жаттап қайталау емес, ғұламаның даналық ойларын түйсіну, ойға түю, іштей қабылдау, дейді суретші. Ол әр көрермен өзіне лайық бір ой, бір сезім, бір сұрақ ала кетсе, мақсатымның орындалғаны дейді. Көрме ертең, 1 тамыз күні Арбатта түстен кейінгі 2-деден кешкі 6-ға дейін болады.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ