Биыл Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай ауыл тұрғындары мен қонақтардың әрі ауылдан шыққан азаматтардың қатысуымен ауқымды шара өтті. Түрлі шаралар ұйымдастырылып, концерт өтті.
Бұл жай ғана ауылдың мерейтойы емес, тұтас бір мәдени шара. Бұл күні ауыл көшелерінен батырлар бастаған шеруді автокөлік мінген ауылдықтар, оның соңын ала Тарбағатайдан түлеп ұшқан танымал тұлғалар жүріп өтті. Солардың қатарында белгілі әнші, актер Қанат Жүнісов, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин сынды көптеген өнер майталмандары бар. Сап түзеген шерудің көркін облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған ауылдың білекті көкпаршылары кіргізді. Жастардан жарыса қатардан қалмай бір саптан табыла білді. Әншілер әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шарада аймақ басшысының құттықтауын жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов сүйінші жаңалығымен қуантты. Тарбағатайдың тойына деп ауыл балалары үшін ойын алаңы салынбақ.
ЖАРҚЫН ЖҰМАДІЛОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Тарбағатай – тарихы терең, тағылымы мол, талай тарлан тұлғаны түлеткен киелі мекен. Сан-салада елге еңбегі сіңген азаматтарды тәрибелеп өсірген алтын бесік. Сіздердің туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатты істеріңіз бүгінгі күллі облыс жұртшылығына үлгі-өнеге.
Той төріне киіз үйлер тігіліп, келушілерге бауырсақ пен қымыздан дәм ұсынылды. Туған жердің тойына шалғайда жүрсе де атсалысушылар көп. Солардың бірі ауылдағы мектептің 2000 жылғы түлектері.
ГҮЛМИРА ҚАЙСАБЕКОВА – МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
Сезіміміз керемет! Мінекей, біз 2000-шы жылғы түлектердің атынан, сол түлектердің келіндері боламыз. Солардың атынан шашуымызбен келіп отырмыз осы тойға. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мынадай дүбірлі той өткізіп жатқан халыққа алғысым шексіз.
Тарбағатай ауылы көптеген танымал тұлғаларды дүниеге әкелген құтты мекен. Солардың қатарында бұрынғы Семей облысының бірінші хатшысы болған Кешірім Бозтаевты, Әміре Қашаубаевтың өзі өнерін жоғары бағалаған Керімбай Райымбекұлы сынды аға буынды атамай өтпеуге болмайды. Олардан бөлек, мемлекет, өнер, білі мен ғылым, спорт қайраткерлерін санай берсең сан жетпейді.
СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗИН – АЙТЫСКЕР АҚЫН
Бұл – өнер қонған ауыл. Бұл ауылда әнші де, ақын да, композитор да, жазушы да, журналист те бар. Еңбек саласынан шыққан азаматтар бар. Өзіміздің кішкентай мектебімізден 5 бірдей ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты, 10-нан астам PhD докторы шыққан. Осындай ауылымыздың мерейтойы құтты болсын.
Мерекелік шара барысында дүниеден өткендерге құран оқылып, қатым түсірілді. Тарбағатайдың түп тарихын түгендеген ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, зерттеушілер баяндамалары тыңдалды.
МҰРАТБЕК ТОҚТАҒАЗИН – «ӘДІЛЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ
Тарихын, күні кешегі бабалар жүріп өткен, дүбірлетіп өткен осы өңірдің тарихы мен табиғаты жан-жақты бүгінгі конференцияда сөз болады. Оған байланысты Қазақстанның түпкір-түпкірінен ғалымдар келетін болады, Астана, Алматы, Семей және басқа қалалардан. 30-дан астам баяндамалар жасалады.
Ауылдағы шараның алғашқы күні отандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың гала-концертімен аяқталды.
Ермек Исабаев