Этноауылдағы «Асыл мұра» қолөнер фестиваліне аймақтың үздік шеберлері бас қосты. Ұлттық бұйымдар әсемдігімен көз тартады. Тілшіміз Алина Азбергенованы тыңдайық.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА – ТІЛШІ
Дәл қазір біз «Бейбітшілік аралындамыз». Мұнда ұлы ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтуде. Фестиваль аясында Абай облысының әр өңірінен келген шеберлер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып отыр.
Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан төл өнер аймағымызда жақсы дамыған. Темірден түйін түйіп, киізді көркемдейтін, бұйымдарына көз сүйсінетін өнер иелерінің бәрі осы жерге жиғалған. Әр жұмыс – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Қолөнер шеберлері Абай мұрасына деген құрметін өз еңбектері арқылы шебер жеткізе білді.
НҰРЗИЯ ТАШИМОВА – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Мен бүгін мынандай Абай жыл мезгілдеріне арналған өлеңдеріне иллюстрация кигізбен жасап алып келдім. Жібекпен жабылған кигіздің бетінде. Мысалы мына жұмысыма қарайтын болсам жаз, күз, қыс, жазғы тұрым, көктем. Өте қызықты өтіп жатыр. Әр шебер өздерінің ерекше-ерекше жұмыстарын алып келген, бірінен бірі өтеді. Өте тамаша мереке өтіп жатыр.
СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Абайдың заманында өзі таққан, кісе белбеудің көшірмесін жасап алып келіп отырмын. Өйткені кейінгі жастар кеңінен олар түсініп білу үшін заманда ата-бабаларымыз қандай бұйымдар пайдаланды, қандай заттарды пайдаланды деген сияқты осылай жасап алып келіп отырмын. Оның ішіндегі жаңағы домбырасы үш шекті домбырасы және кісе белбеу. Басты мақсат осы жасалған бұйымдарды, болашақта жастар көріп ұмытпау үшін. Соның құнын, бағасын білу үшін қаншалықты еңбекпен келді соны жастарға көрсету. Көрменің соңында өзім осы бұйымды Абай мұражайына сыйға тарпақшымын, 180 жылға байланысты бір естелік ретінде.
Ең үздік бұйымдар Қарауылда өтетін мерейтойдағы ауқымды көрмеге қойылатын болады.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА – ТІЛШІ
Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптейтін бұл фестиваль – халқымыздың бай мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталған ерекше басқосу.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА