Президентіміз ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуді тапсырған болатын. Бүгін 1 тамыздан Абай облысында ақынның тойы басталды. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтіледі. Мерейтой бағдарламасының алғашқы күнінде «ABAI AKADEMIYASY» энциклопедиялық порталы ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Жаңа форматтағы платформаға Абайдың барлық шығармалары, қолжазбалары, аудармалары, ақын туралы жазылған әдеби – ғылыми - танымдық еңбектер мен естеліктердің бәрі дерлік түрлі сапалы форматта орналастырылды.
АЙЖАН ТӘБАРАКҚЫЗЫ, «ABAI AKADEMIYASY» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
/// Кез келген ғалымдар, ізденушілер немесе авторлар өздеріңіздің жұмыстарыңызды бұрынғыдай электронды поштаға немесе бас редакторларға хабарласудың қажеті жоқ. Тікелей тіркелесіздер де, өз парақшаларыңызды жасақтап жібересіздер...
Абай әлемін жаңа бедерде айшықтауға еліміздегі Абай институттары, ғылыми орталықтар, жоғары оқу орындары, республикалық, облыстық деңгейдегі кітапханалар, архивтер, мұражайлар мен мәдени орталықтардан ақын мұрасына қатысты барлық деректер мен қолжазбалар, ғылыми зерттеулер мен мақалалар, кітаптар мен баспасөз жарияланымдары алынып, цифрлы форматта порталға енгізілді.
АЖАР ЕРБОЛҒАН, «ABAI AKADEMIYASY» ЖОБАСЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ, АҚЫН
/// Портал – ол жасқа да, кәріге де, ғалымға да, студентке де барлығына лайықталып жасалған. Яғни, әр қолданушы ол жерден өзінің керегін оңай әрі жылдам таба алады. Тағы бір айта кететін ерекшелік – бұл жерде орналастырылған материалдар библиографиялық тәртіппен орналастарылған. Сондай-ақ жаңа технологиялар, мысалға гейм дэф, Абай чат бот сияқты қазіргі технологиямен де Абайды насихаттау жолы қарастырылған.
Иә, Хакім жайында тұщымды һәм толымды ақпарат іздеген адам «ABAI AKADEMIYASY» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ұлы ойшылға арналған алғашқы энциклопедиялық портал ақын мұраларын насихаттауда үлкен мүмкіндік болмақ.
ҚАРЛЫҒАШ ӘУБӘКІР, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ PHD ДОКТОРЫ
Бүгінгі порталдың ерекшелігі – бәріміздің жүрегімізге үлкен бір қуаныш сезімін сыйлады. Себебі, бұл портал шын мәнінде абайтануға қатысты барлық деректі бір жерге қамтыған сандық форматтағы контенті аса кең өнім, цифрлық өнім. Анау, ең алғаш абайтанушы ғалым Әлихан Бөкейханнан бастап, Абай туралы ең алғаш ғылыми мақала жазған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ газетінде» жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген алғашқы мақаласынан бастап, Абайға қатысты қандай ғылыми-зерттеу еңбегі бар, соның барлығы бір ғана порталдың ішінде ұсынылған.
Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өтпек. 1 тамыз бен 10 тамыз аралығында облыс орталығы Семей мен Жидебайда бастау алған той облыс көлемінде жалғасады. «Абай тойы – елдіктің тойы. Абай тойы – өткенімізге көз жүгіртіп, келешегімізді барлайтын кемел ойдың, ұлттық толғаныстың тойы», деді Берік Уәли.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Абай тойына есте қалар үлкен сыйлықтың бірі, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энцклопедиялық портал. Бұл Хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Абай академиясының да мақсаты – Абай атамызға қатысты барлық мәліметті бір платформаға жинау. Бұл ғалымдар мен студенттердің, Абайдың рухани мұрасына қызыққан барлық адамның ортақ кеңістігі болады деп ойлаймыз.
«Абай академиясы» порталы арқылы Хакімнің мұрасы жаңа форматта, кең көлемде, сапалы мазмұнда көпшілікке жол тартты, осылай. Бұл – бүтін бір ұрпақтың Абайға деген құрметі мен жауапкершілігінің көрінісі, деді жиналған жұрт. Ұлы ақынның сөзі – мәңгі, ілімі – терең, мұрасы – ұрпаққа өнеге.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ