2025 жылдың18 шілдесінде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Қазір осы Заңды халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін құрамында Парламент Сенатының депутаты, Қаржы Вице-министрі бар жұмыс тобы Семейге келіп, бизнес өкілдерімен жүздесті.

Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ – ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Қосылған құн салығынан базалық ставка 16-ға дейін көтерілді. Бірақ кейбір салалар бойынша жеңілдіктер көрсетілген. Дифференциалды түрде нормалар көрсетілген. Сондыөтан бұл жерде Үкімет таза жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі керек. Тексерістер болмауы керек. Мсыалы жылда біз қабылдайтын жоспарлы тексерістер келесі жылдан бастап болмайды. Біз оны Кодкс шеңберінде алып тастадық.

Ауылшаруашылығымен айналысатын азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Егер бұрын қосымша құн салығы бойынша жеңілдік 70 пайызды құраса, қазір ол 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Жаңа салық Кодексі қабылданбас бұрын Парламент Сенаты депутаттары да айтарлықтай жұмыстар атқарған.

ЕВГЕНИЙ БОЛЬГЕРТ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Өзекті тақырыпқа байланысты барлық деңгейлерде талқылаулар өтті. Солардың барлығында бизнес өкілдері міндетті түрде қатыстырылды. Біздің өзіміз сенат қабырғасындағы талқылаулар барысында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен түрлі сала өкілдерінен көптеген өтініштер мен ұсыныстар келіп түсті. Осыған байланысты олардың өтініштерін ескере отырып, белгілі-бір мөлшерде жұмыстар жүргіздік. Кейбір жекелеген істерді жүзеге асыруға мүмкіндік те туды.

2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің Қазақстанның салық жүйесінің ашықтығын арттыру үшін стратегиялық маңызы бар.Мемлекетпен бизнестің арасында баланс болуы керек деп есептейтін мамандар өңірлердегі түсіндіру жұмыстарын Абай облысынан бастап алда да жалғастыра бермек.

ЕРКІН БЕЙСЕКИН – СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ
Бүгінгі семинар жаңа салық кодексі бойынша көптеген ақпараттармен қанығуға көмектесті. Алғашында осы заң бойынша ел арасында түсініспеушілік болған. Алайда бүгінгі басқосуда біз өзімізді толғандырған барлық сұрақтың жауабын ести алдық. Соның ішіндегі ең көңіліме жаққаны жаңа салық кодексінің арқасында түскен салықтың біздің әлеуметтік саланы жаңғыртуға, қолдауға бағытталатыны ерекше ұнады.

Кездесу соңында кәсіпкерлер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, ашық диалог орнады. Еркін пікір алмасу барысында өзекті сұрақтарға толық жауаптар берілді.


Ермек Исабаев