Абай ауданында ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай тек мәдени-рухани нысандар ғана емес, заманауи инфрақұрылым жобалары да іске қосылып жатыр. Соның бірі- Бөрілі ауылын жоғары жылдамдықтағы 4G интернет желісіне қосу. Енді ауыл тұрғындары тұрақты интернетке қол жеткізіп, қашықтан білім алып, онлайн қызметтерді еркін пайдалана алады. Ал жастар үшін бұл- жаңа мүмкіндіктер мен цифрлық болашаққа жол ашатын үлкен қадам.
Жоба облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Қазіргі таңда Абай ауданының барлық 9 ауылдық округі интернет желісімен толық қамтылған. Бұл туризм мен білім саласының дамуына аса маңызды.
МАҚСАТ НҰРСҰЛТАНҰЛЫ-АБАЙ АУДАНЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұнда және Жидебай елді мекенінде 4G жүйесі орнатылған, қазіргі таңда 100 пайыз істеп тұр. Өздеріңіз де куә бола аласыздар — интернет толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Бұл ауданымызға және келуші туристерге үлкен мүмкіндік.
Бөрілі Мұхтар Әуезовтің туған жері. Жазушының балалық шағы мен жастық кезеңі дәл осы ауылмен тығыз байланысты. Абай есімін әлемге танытқан тұлғаның ізі қалған қасиетті өңір тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады.
МҰРАТХАН ӘБІЛҚАСЫМОВ-АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бүгін бізге интернет қосып, балаларымыз қуанышқа бөленіп жатыр. Көптен күткен мұнарамыз орнатылды. Аудан әкіміне, ауыл әкімшілігіне, облыс әкіміне — бәріне ризамыз. Көңіл бөліп, ел қатарына қосып жатқандарына алғыс айтамыз. Бұл — Мұхтар атамыздың туған жері. Өзім осында 40 жылдан бері тұрып келемін. Балаларымыз — оқушылар, студенттер — енді интернетке еркін қосыла алады. Қазір — технология заманы, телефон заманы. Сол себепті үлкен алғысымызды білдіреміз. Шексіз ризамыз.
Интернет желісі толықтай облыстық бюджет есебінен тартылды. Бүгінде Абай ауданы -облыстағы барлық елді мекендері 100% интернетпен қамтылған аудандардың бірі.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА