Иә, Халық әртісінің концерті ертесінде «Абай әлемі» әдеби-сазды танымдық кешпен жалғасты. Рамазан Стамғазы, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман сынды дәстүрлі өнер дүлдүлдері Абай елін ән мен жырға бөледі. Расында, бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек өрбіді. Ел жүрегінде сақталған Абай әндері шырқалып, кештің мәні мен мазмұны тереңдей түсті.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Дала данышпанының осы бір нақыл сөзін өз болмысына қолдансақ артық болмас, сірә. Өнер майталмандары жүрекке жылу, жанға рухани нәр беріп, сусаған тыңдарманның құлақ құрышын қандырды, жіпсіз байлады. Кештен шыққан көрермендер солай дейді.
Дәстүрлі әншілердің концертінде жақсы демалдық. Жақсы көңіл-күйде болдық. Өте тамаша.
1845 жылы туғаннан бастап адамның барлық балалық шағын, жастық шағын, қарттық шағын, барлығын өте жақсы сипаттаған ақындардың барлығы.
Толғанбай Сембаев, Берік Омаров, Клара Төленбаева, Гүлмира Саринаның орындағын жақсы әндері көрерменнің құлағынан кіріп, бойын алды. Екі сағаттан артық тапжылмай ән тыңдапты жұрт. Мұндайда Хакімнің «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтіні еске түседі екен.
РАМАЗАН СТАМҒАЗЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
Абайдың айтқаны бар ғой әлгі «Айтушыдан тыңдаушың мықты болсын» дейді. Сондықтан, бүгінгі әр қазақ мың қазаққа татитын, адамның қадірін білетін, өнердің қадірін білетін, сөздің қадірін білетін керемет тыңдарман келді. Әрине, бізге екі сағат бір 15 минут өткен сияқты зуылдап өте шықты. Жалпы, уақыттың өткенін білмей қалдық.
Рас, мұндай кештер көп бола бермейді. Қазір біз жарқ – жұрққа әуеспіз. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» дейтін ойшылдың осы сөзі мына кешке айтылғандай-ақ.
ЖАНЖІГІТ ОМАРХАН, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ертістің жағасына ерекше леп әкелген рухани кеш болды. Көрерменнің көзайым болып отырғаннан, көрерменнің қол соғып отырғаннан, көрерменнің қошеметінен-ақ осы кештің жүгін сезінуге болады. Бұл енді Абай бабамыздың мерейтойын атап өтіп жатқанда бұндай кештің болмауы мүмкін емес деп айтқым келеді.
«Абай әлемі» - өңірдегі ұлттық өнерге деген құрметті көрсетті. Осындай кештерді жиі ұйымдастыру керек екенін айғақтай түсті.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ