«Полигон-21» қоғамдық ұйымы Семей сынақ полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету мәселесін жан-жақты көтеріп келеді. Атом аждаһасының кесірін тартқан жұрттың жан айқайын жеткізіп жүрген ұйым құрылтайшылары, қоғам белсенділері бүгін сенатор Айнұр Арғынбековамен кездесті. Тақырыпты тілші тарқатсын.
«Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң керек. 1992 жылы қабылданған ескі заңды өзгертіп, әлеуметтік қолдауларды басқаша қарастыру жағына қоғамдық ұйым өкілдері қам-қарекет қылуда, баса мән беруде. Өңірде полигоннан зардап шекендерге әлеуметтік көмек көрсету деңгейі көңіл көншітпейтіні жасырын емес.
МАРАТ ҚҰРМАНБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Осы зардап шеккендерге көмек көрсетуге, қандай Үкіметтен көмек болуы керектігін бірге, бірігіп біз Абай облысының әкімімен бірге, Берік Уәлимен және де Үкіметпен бірге ары қарай шешімін табамыз деп ойлаймын. Үлкен жұмыстар алдыда тұр. Болашақта біз енді, өзімізге жоспар жасап алғаннан кейін, сол жоспармен ары қарай жұмыс істейміз.
Келесі жылы 29-шы тамызда Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Марат Құрманбайдың айтуынша, өңірдегі халық қалаулылары комиссия құрған. Депутаттар да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, сынақтан зардап шеккен жұрттың дауысын жоғарыға жеткізуде.
МАРАТ ҚҰРМАНБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Біз үлкен жақсы бір бағдарлама жасадық. Ол бағдарламаны біз бүгінгі күнде Үкіметке ұсындық. Сол бағдарламаны біз қазір қарап, жаңартып, сол бағдарламаны әрі қарай өзіміздің «Полигон 21» жұмысына кіргізейік деп отырмыз.
Ядролық сынақтан зардап шеккен жұрттың әлеуметтік әл-ауқатының жағдайын тереңірек талдау үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында Сенат пен Мәжілістің депутаттары, бірнеше министрілік өкілдері, сарапшылар мен белсенділер кірген. Жұмыс тобының бірнеше мәрте отырысы да өткен. Нәтиже қандай?
АЙНҰР АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
«Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге қолдау көрсету мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ, біздің өңірді дамыту бағдарламасының жобасы дайындалды. Бұған қоса, қолданыстағы заңнаманы өзгерту үшін салыстырмалы кесте әзірленді. Осы өңірді дамыту бағдарламасының жобасы бойынша біз қорытындыны күтіп отырмыз. Ол әрі қарай қаржыландыру моделін әзірлеу үшін Қаржы министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтына жіберіледі».
Атом сынақтарынан зардап шеккен адамдардың санын мамандар соңғы жылдары қайта есептеп шығарған. Қазір шамамен 1,5 млн. адам осы санатқа жатады. Радиация кесірі ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндігін ғалымдар дәлелдегенін ескірсек, бұл сан жыл өткен сайын артпаса кемімесі анық. Сондықтан, сынақтан жапа шеккен өңір тұрғындарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау қашан да маңызды.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ