«Адамзаттың Абайы». 8 тамызда осындай атаумен Республикалық ақындар айтысы өтеді. Сөздің қасиетін, өлеңнің құдіретін жақсы білетін 12 ақын Ұлы ойшыл жайында ой толғамақ. Семейде өтетін сөз сайысының жай-жапсарын ұйымдастырушылар жан-жақты өңірлік коммуникациялар қызметінде айтқан еді.
Семейде айтыс өтпегелі қашан?! Саф өнерге сусап қалған жұрт елең де, алаң. Арда өнерді сағынғандықтан болар. Ақындар Абай елінде сөзден маржан термек. Көркем ойымен, кестелі сөзімен, терең толғанысымен Хакімді жырға қоспақ. Келе жатқан ақынның осалы жоқ. Кіл мықты.
ДӘУЛЕТ СМЕТОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР ОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл айтыстың құрамы өте ерекше деп айтуға болады. Бұнда 6 алтын домбыра иегері бар, бұл құрамның ішінде. Асыл домбыраны жеңіп алған 2 ақын бар. Айтыстың ақтаңгерлері бар. Биылғы жылғы айтыстың ең үздік құрамы деп танылып отыр.
Айтыс - тек сөз сайысы емес, ұлттық болмыс пен елдің ішкі мәдени кодын жаңғыртатын, жұртшылықты бірлік пен татулыққа үндейтін, ұрпақ пен ұлт арасындағы алтын көпір. Бұл аламанның жүлде қоры да қомақты.
ОЛЖАС СОҒЫМБАЙ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шағын джип маркалы автокөлік бас бәйгеге тігілетін болады. Одан кейін 1-орын алған ақынға 3 млн. теңге, 2-орын алған ақын 1.5 млн. теңге, 3-орын алған ақын 1 млн. теңге қаржылай сыйақыға ие болады. Келіп Абай тойына қатысқан ешбір ақын бізде ескерусіз қалмайды.
Сөз додасына Абай елінен Рүстем Қайыртай, Әсем Ережеқызы, Айбек Жеңісқазин және Қуандық Кенжебекұлы қатысады. Оларға жауапкершілік жүгі салмақты.
ҚУАНДЫҚ КЕНЖЕБЕКҰЛЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Осы өз еліміздің сахнасында айтысатынымыз – ол өзіміз үшін тиімді де болып тұр, өз еліміздің сахнасында айтысып, намысын қорғау, ол екі есе жауапкершілікті мойнымызға артып беретін болып тұр.
От ауыз, орақ тілді, аузымен құс тістеген 12 жүйрік 8 тамыз күні Абай елін сүбелі сөзбен көмкереді. Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Мақсат Ақанов, Аспанбек Шұғатаев сынды ақтаңгерлер Семейге келе жатыр. Айтыс сүйер қауым жыр додасын Абай театры мен театр алаңындағы үлкен экраннан тамашалай алады.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ