«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» Бүгін Абай тойының алтыншы күні Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.

ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК – ТІЛШІ
Біз зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға келдік. Жаңа нысанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Орталықтың басты мақсаты - көру қабілеті шектеулі жандардың білім алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік ұсыну.

Жаңа кітапхана мерейтойы аясында аймаққа тарту етілген әлеуметтік-мәдени мекеме. Оның ашылу салтанатына облыс басшысы Берік Уәли қатысып, аталмыш жоба инклюзивті қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам екенін айтты.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл жаңа кәтапхана ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білімге құлшынысы мен ізденістеріне тиісті жағдай жасауда айрықша маңызға ие. Олардың білім алу, шығармашылықпен айналысу, мәдени және рухани мүмкіндіктерін кеңейтуде ерекше рөл атқарары сөзсіз.

Жоба «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 410 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік.

ҒИБРАТ АУҒАНОВ – «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Біз еншілес компаниялармен әр өңірде қайырымдылық жобаларын іске асыруға тырысамыз. Семей қаласындағы қоғам қайраткерлері, жергілікті билік, атқарушы органмен бірлесіп осындай идея шықты.

Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда Брайль қарпіндегі әдебиеттер, дыбыстық кітаптар, арнайы техникалық құрылғылар мен цифлық ресурстар қолжетімді.

БАТЫР САЛИМОВ – «ҚАЗАҚ СОҚЫРЛАР ҚОҒАМЫ» ҚБ СЕМЕЙ ОҚУ-ӨНДІРІСТІК КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл ғимаратты біз ұзақ уақыт күттік. Бұл тек біздің қоғам мүшелері үшін емес, өңір, Абай облысы үшін үлкен жетістік деп санаймын. Өйткені халықтың әлеуметтік осал топтары, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөлініп, оларға осылай үлкен білім ордасы, мәдени орда салынып, жетістікке жетіп отырмыз.

Орталық еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тұңғыш арнайы кітапхана екенін атап өткен жөн. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетті білім алып, тиісті шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасау үшін 6 көрме жұмыс істейді. Кітапханада 41 мыңнан астам кітап қоры бар. Жылына 15 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге дайын.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК