Абайдың 180 жылдығына орай Семейде «Абай рухы» атты ерекше сән көрсетілімі өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған жобаның алғашқы күн «Абай – шабыт көзі» деп аталды. XIX ғасыр үлгісіндегі ұлттық киімдер поэзия мен күй өнерімен ұштасып, көрермендерге өзгеше әсер сыйлады.

Сән көрсетілімінде қазақтың дәстүрлі киімдерімен қатар, хакім Абайдың шығармашылығынан шабыт алған дизайнерлердің топтамалары ұсынылды. Абай заманындағы шапан, камзол, көйлек сияқты киімдер сахнада заманауи үлгімен қайта жаңғырды. Шараға Қазақстанның әр өңірінен және Қырғызстаннан келген сәнгерлер қатысты.

АЛТЫНАЙ БӘДІКЕЕВА- ДИЗАЙНЕР (ҚЫРҒЫСТАН)
Біз қазақтар мен қырғыздардың түбі бір деп есептейміз. Сол себепті де ою-өрнектеріміз өте ұқсас. Біздің орамал мен шарф топтамаларымыз халықтарымыздың тарихынан, мәдениеті мен дәстүрінен шабыттанып жасалды.»

Сахнада көрсетілген топтамалардың көпшілігі табиғи маталардан тігілген, этно үлгідегі сәнді шапандар мен көйлектер. Көрсетілім Абайдың поэзиясымен, күйшілердің орындауындағы музыкалық сүйемелдеумен қатар өрбіді. Жобаға қатысқан дизайнерлер үшін бұл шығармашылық шабыт көзі болса, көрермен үшін ұлттық болмысты жаңаша тану мүмкіндігі.

КЕРБЕЗ ЕГІНБАЕВА- ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
дизайнерлердің сән үлгілері барлығы өзіміздің қазақи, ешқандай қысып тұратын киімдер байқаған жоқпын. Киімдердің барлығы кең балақты, кең шапандар, кең сөйлектер болды. Және қазіргі заманға сай сән үлгісі де болды. Өте кермет әсерде болдым. Мен өзі жалпы күнделікті өмірде де осы этно киімдерді киіп жүремін. Өзімнің күнделікті киімдеріме жаңадан осы көрсетілім арқылы образдар құрастырып алдым. Бұйырса енді гардеробымды жаңартамын деген ойдамын.

Сән көрсетілімінде ұлттық өнер мен заманауи мәдениет тоғысты. Бұл Абай мұрасын жаңаша тануға, рухани байланыс орнатуға мүмкіндік берген кеш. Жоба тамыздың 6-7 күндері де жалғасады.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА