Ұлы ақынның мерейтойы бүгін «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық ақындар мүшайрасымен жалғасты. Өлең бәйгесін Семей қаласының әкімдігі, Жазушылар одағының облыстық филиалы және «Alikhan Bokeikhan University» бірлесе ұйымдастырды. Жыр жиынында өрнегі бөлек, өзгеше формадағы өлеңдерін оқыды, ақындар. Қай ақынның өлеңі қара үзді? Бас жүлдені кім алды? Ерзат Жанатұлы тарқатсын.

ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ, ТІЛШІ
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
80 ақын жұп-жұмыр, тегіс, жинақы өлең жолдапты. Соның 8 ақыны іріктеліп, қазылардың, әділқазылардың іріктеуінен өткен. Сол сегіз ақын міне, өлең оқып жатыр.

Ақындар өз шығармалары арқылы Абай әлеміне терең бойлаған, тұңғиығына үңілген. Мұндайда «болмасаң да ұқсап бақ» дейтін еді ғой Хакім. Әр ақын данышпанның болмысын қал-қадірінше аша түскен.

ҚУАНЫШ ОСПАН, АҚЫН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ
Бәріміз жүлдеден үміттіміз. Кім өзінің өлеңін әлсіз деп ойлайды. Ішіңнен жарып шыққаннан кейін бір үміт бар. Абайдың тойында жарқырап қайту қай-қай ақынның да арманы.
БАУЫРЖАН ИГІЛІК, АҚЫН, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ
Қазақстанның мен деген ақындары келіп, жыр сайысына қатысып жатыр. Барша қатысушыларға сәттілік, жақсылық тілейміз. Шама келгенше, Абайға өлең арнау өте қиын дүние. Шамамыз келгенше жаздық.

Қазылар алқасы да таңдау жасағанда тығырыққа тірелген. Өлеңдер бірінен бірі өтеді, өйткені. Жыр додасына өлең ұсынғандар қаламы қалыптасқан, әдеби ортада танылған ақындар.

СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ, АҚЫН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Біз барлық, жан-жақты қарадық оны. Поэзияның бүкіл талабы бойынша қарап отырып, 8 ақынды әйтеу іріктеп алып шықтық. Қазір поэзияда да әртүрлі бағыттар бар ғой. Жаңа, жас ақындар тіпті, қазір бөлек бағытта жазады. Поэзия жолы – уақытпен бірге өзгеріп отыратын ол да бір сондай құбылыс.

Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Ұмтыл Зарыққанға бұйырды. Ақын тың ойларымен, соны ізденістерімен өлең өлкесінде өзінің орнын алып үлгерген, өзінің қолтаңбасын қалыптастырған.

ҰМТЫЛ ЗАРЫҚҚАН, ЖЫР МҮШАЙРАСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ
Абайды не деп мақтаймыз, Абайды қалай жырлаймыз, ол өз алдына бір дүние. Ең бастысы Абайдың рухына жақындау, Абайдың өлең өлшеміне, адами сипатына еліктеу, бой түзеу, ой түзеу соның өзі қалам иелері үшін үлкен күш, үлкен қуат, үлкен мәртебе.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Талай таланатты танытуға мүмкіндік берген жыр бәйгесіне жолдаған әр өлеңнің өзгеше өрілгеніне көз жеткіздік.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ