Зағип жандарға арналған кітапхана
Семейде зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған еліміздегі алғашқы арнайы кітапхана бой көтерді. Ол үшін арнайы жер телімі бөлініп, айналасы 1 жылдың ішінде заманауи ғимарат салынды. Кітапхананың ішкі-сыртқы жұмыстары толық аяқталып, іші қажетті жиһаз-техникалармен жабдықталды. Кітапхана жылына 10 мыңға адамға қызмет көрсететін болады. Толығырақ тілші материалында.
Семей қаласындағы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тарихы 1969 жылдан басталады. 50 жылдан аса мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміздің әлеуметтік және мәдени ортаға кедергісіз бейімделуіне қызмет жасап келе жатқан мекеменің өз алдына жеке ғимараты болмаған. Осы уақыт аралығында Қазақ соқырлар қоғамы әкімшілік ғимаратының санаулы бөлмелерін жалға алып отырған еді. Енді міне, қиындықтың бәрі артта қалып қала әкімінің қаулысына сәйкес бөлінген жер теліміне заманауи үлгідегі 2 қабатты ғимарат салынды.
МАРЖАН БАХАТОВА, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
2024 жылдың 1 –ші жартысынан басталған бұл құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 2-ші жартысында аяқталып, бүгінгі күнде ғимарат толық дайын. Ішкі және сыртқы жұмыстары бітіп, заманауи түрде жабдықталып, арнайы техникамен жабдықталып, бүгінде коворкинг сондай-ақ брайль жұмысын бастауға дайын тұр.
Кітапхана құрылысын қаржыландырушы – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық бойынша бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Кемелдік Қадам» қоғамдық қоры. Арман Жакпелова кітапханада 2013 жылдан бері браиль кітапханашы болып жұмыс жасап келе жатыр. Қазір әріптесімен бірлесіп, соңғы 5 жыл ішінде брайль әдісімен кітаптар шығарумен айналысуда. Оған елімізде брайль әдісімен шығарылатын кітаптардың жоқтығы түрткі болды дейді маман.
АРМАН ЖАКПЕЛОВА, БРАЙЛЬ КІТАПХАНАШЫ
Брайль жүйесімен шығатын кітаптар үлкен еңбекті қажет етеді. Жылдам әрі қысқа уақытта шыға қоймайды. Мәселен, 1 томдық кітап брайль жүйесіне аударылғанда бірнеше том болып басылады. Неге екенін өздеріңзде түсінген боларсыздар. Брайль жазулары үлкен көлемді қамтиды.
Кітапхана қоры 41 мың данадан асады. Оның ішінде балаларға арналған және электронды каталогқа енгізілген кітап қоры бар. Бұдан бөлек, брайль жүйесімен оқып, мен жазуға, компьютерлік сауаттылыққа, смартфонды пайдалануға, көзі көрмейтіндерге дауыстап оқып беруге, тифлоплеер, құлаққаптар арқылы аудиокітап тыңдауға үйрететін, поэзия сүйер қауым үшін арнайы 6 үйірме жұмыс істейді. «Мобильді көмекші» үйірмесінің жетекшісі Советхан Аюпов келушілерге телефондағы қосымшалар мен әлеуметтік желіне қалай пайдалануды үйретумен айналысады.
СОВЕТХАН АЮПОВ, ТИФЛОНШЫ-НҰСҚАУШЫ
Қазір кез-келген андройдта TalkBack, iOS –та ally бағдарламалары бар. Осылардың соңғысы – жасанды интеллект. Ол арқылы адам камераны қалаған дүниеге бағыттап, алдында не тұрғанын біле алады. Ал жасанды интеллект барлық қажетті деректі айтып береді. Мүмкіндігі шектеулі адам үшін өте ыңғайлы. Көмекшінің де қажеті жоқ. Бар болғаны қолыңызда телефон мен интернет желісі бюолса болғаны.
Жылына 10 мыңға жуық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана «Абай облысының кітапханаларын жаңғырту» қайырымдылық бағдарламасы аясында елімізде алғаш рет салынған ғимарат болып отыр. Ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталысымен, жақын күндері пайдалануға берілмекші.
Ермек Исабаев